ProGender — гендер түсінігі туралы ақпарат беретін, гендер теңсіздігін болдырмауға бағытталған курс. Оған елдің барлық аумағындағы бұқаралық ақпарат қызметкерлері, блогерлер, азаматтық белсенділер, сарапшылар мен студенттер қатысты. Солардың бірі — «Русское Радио» журналисі Күнту Арынбек.
Күнту Арынбек бірнеше жылдан бері журналистика саласында қызметте. Ол өзінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында үнемі түрлі курсты қарап жүреді екен. Бірде Facebook желісінен ProGender курсын көріп, бірден жазылыпты.
Бірнеше уақыттан соң почтама курсқа қабылданғаным туралы хабарлама келді. Курс онлайн өтті. Білікті мамандар гендер түсінігі және оның медиадағы көрінісі туралы түсіндірді. Осы тақырыпқа қатысты ойымдағы көп сұрақтың жауабын таптым, — дейді қатысушы.
Курс кезінде қазақстандық қоғамдағы гендер теңсіздігі мәселесі, гендер мәселелерін реттейтін халықаралық және қазақстандық заңдар және оны талдау, гендер теңдігінің мемлекет экономикасына әсері, гендер тақырыбымен жұмыста аналитикалық дағдыларды үйрену, әртүрлі форматтағы гендерге байланысты нәзік тақырыптарды қамтудың практикалық дағдыларын үйрену, гендер стереотиптерін қалай өзгерту керегін түсіну сияқты тақырыптар қозғалған.
Негізі қоғамдағы гендерге қатысты үлкен мәселелер күнделікті өмірдегі ұсақ-түйектен басталады екен. Мысалы, жұмыстағы ауыр затты көтеру, диспенсердің суын ауыстыру ер адамның, ал түскі ас немесе ұжым отырысы дастарханын жаю, оны жинау әйел адамның мойнына артылып қойған. Бұл олардың жұмыс қызметіне кірмесе де, олар сол істі істеуге міндетті болып қалған. Оған қоса қоғамдық көлікте әйелдер отыруы керек, ал ер адамдар орын беруі керек немесе ер адам басқамен сөзге келмеуі керек деген пікірлер қалыптасқан. Сөзге келсе, оны бірден «қатын сияқты» деп балағаттап жатады. Міне, курс кезінде қоғамда осындай жазылмаған заңдылықтардың гендер теңдігін бұзатынын, дискриминация екенін түсіндірді, — дейді ол.
ProGender курсы қазақ және орыс тілінде өткен. Онда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков, журналист, гендер, адам құқықтары тақырыбын зерттеуші Ая Өміртай, халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші, феминист Әйгерім Құссайынқызы, халықаралық заңгер, «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» ҚҚ бағдарлама үйлестірушісі, «Қазақстандағы заңнамалық реформалар, жауапты бизнес және біліктілігін арттыру арқылы жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жыныстық бопсалаумен күрес» жобасының сарапшысы Аяжан Ойрат өз тәжірибесін бөліскен.
Кейінгі жылдары гендер теңдігі, феминизм тақырыбы кеңінен тарап кетті. Магистратура оқып жүргенімде-ақ осы тақырыпқа ерекше қызыққанмын. Сол уақытта «Әйелдердің билікке араласуы» туралы мақала оқығанмын. Онда дүниежүзіндегі әйелдердің биліктегі орны, олардың еліне, оның экономикасына тигізіп жатқан пайдасы туралы көп мәлімет алып, кішігірім зерттеу бастаған едім. Дәл осы курс сол зерттеуімді аяқтауыма себеп болды, — дейді журналист.
Қатысушылар мамандардың лекциясынан соң түрлі тапсырма орындап, соңында 17 қатысушы сертификатқа ие болған.
Осындай курсқа тек Алматы, Нұр-Cұлтандағы мамандар емес, басқа аймақтағылар да қатысса пайдалы болар еді деп ойлаймын, — ProGender курсының қатысушысы Күнту Арынбек.