Басты бетЖаңалықтар1 қыркүйекке...

1 қыркүйекке дейін елде 81 жаңа мектеп ашылады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов  Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында және Атырау, Алматыдағы бірқатар мектептегі жөндеу жұмысының мерзіміне дейін аяқталмай қалу қаупі бар екенін айтты.

Бұл мектептердегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін  созылуы мүмкін. Осыған орай көрсетілген өңір әкімдіктері 48 мектепте оқыту процесін ұйымдастыру үшін уақытша сабақ өтетін орындарды анықтап, балалардың жаңа оқу жылында қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуға жағдай жасауға тиіс, — дейді министр.

Сонымен бірге министр  биыл оқушыларды тасымалдауға 515 жаңа автобус сатып алынғанын, мектепке қажет киім-кешек пен канцелярия тауарларын өздері сатып алу үшін аз қамтылған отбасылар кемінде 37 мың теңге көлемінде қаражат алатынын атап өтті. Мұндай көмек 470 мың балаға көрсетілетін болады.

Бұрын балаларға қажет заттарды сатып алуды әкімдік жүргізетін. Сапасыз киім және балаға өлшемі келмейтін киімдер сатып алынып, наразылықтар болатын. Енді осы мәселені шешу үшін материалдық көмек ата-аналардың есепшотына тікелей түседі. Енді олар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері сатып алады, — дейді Асхат Аймағамбетов.

Бұған қоса жастарды кәсіптік-техника білімімен қамту үшін биыл мемлекеттік тапсырыс 128 мың орынға ұлғайтылды, университеттерде білім алуға берілетін гранттар саны 88 мыңға дейін көбейді, инженер-техник кадрларды даярлау мақсатында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының еліміздегі 3 жаңа филиалына қабылдау басталды.

Жалпы, жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды, — деді премьер-министр.