Президенттен сөгіс алған Бақыт Сұлтанов қызметінен босады

Президенттің тиісті жарлығы Ақорданың сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды, — делінген жарлықта.

Бақыт Сұлтановтың міндетін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин атқарады. Серік Жұманғарин агенттік төрағасы қызметінен босады.

Еске салайық, 2022 жылғы 14 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар министрдің жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Оның ішінде Бақыт Сұлтанов та бар.

Бақыт Сұлтанов кейін президенттің сынымен келісетінін айтты.

Айтылған сын өте дұрыс. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біздің алдымызға нақты міндеттер, жұмысымыздың тиімділігін арттыру міндеті қойылды. Біз ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге іс-шаралар әзірледік, — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.