Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарына қарағанда, қала тұрғындары пайдаланылған нан өнімдерінің қалдықтарын жабдықталған арнайы орында қалдырады.
Әр екі күн сайын контейнерлердегі нан қалдықтары жиналып, сұрыпталып, кептіріліп, цехқа жіберіледі. Арнайы жабдықта нан қалдықтарынан ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайындалады. Дайын өнім қажет еткен шаруа қожалықтары мен басқа да кәсіпкерлерге сатылады.
Жобаны кәсіпкер Арман Сағынаев әзірлеген. Оның жобасы әкімдік тарапынан қолдауға ие болып отыр.
«Мен уақытты босқа өткізгім келмеді, несие алып, өз жобамды іске асыра бастадым. Бөшкелер сатып алып, оларды өз қолыммен жабдықтап, боядым. Қытайдан құрал-жабдыққа тапсырыс бердім. Бұл жұмысты алдын ала зерттеп, ақпарат іздестірдім. Бірқатар жем шығарушымен кездесіп, мәлімет жинадым. Баға мониторингін жасап, жұмыстың қаражатын есептедім. Мүмкіндігім бар екеніне көз жеткізген соң, қала бойынша нан контейнерлерін орнатудан бастаймын деп шештім. Біріншіден, бұл қала тұрғындарының нан өнімдерінің қалдықтары бойынша проблемасын шешуге көмектеседі. Екіншіден, иттер қоқыс жәшігін шашып, ластамайды. Осы жобада қолдау білдірген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне алғыс айтамын», — деді Арман Сағынаев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұрсая, Авангард, Вокзал маңы ықшамаудандары мен Сәтпаев көшесі бойына 50 жасыл түсті бөшке түріндегі арнайы контейнер орнатылды. Алдағы уақытта осындай 200 контейнер орнату жоспарланып отыр.