Басты бетЖаңалықтарОрыс тілінде...

Орыс тілінде оқытатын кластардың жабылатыны рас па?

Фейк ақпаратта бұл жаңалықты «31 арна» тілшілері хабарлағаны айтылған. Дегенмен арна өкілдері ақпараттың бұрмаланғанын алға тартты.

Қазақстанда орыс мектептерінің болашағы бар ма?» материалы екі жыл бұрын 31 арнада «Информбюро» эфирінде шыққан. Оған елордадағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірі ұсынылған БАҚ-тағы ақпарат негіз болған. Сюжетте орта білім беру саласындағы үрдістер талқыланды. Сонымен бірге орыс тілді мектептердегі оқушылар санының азаюы сөз болды. Гимназия директоры қалған оқушылар болашақта бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін деген пікірін білдіріп, ата-аналарды мемлекеттік тілді меңгеру үшін балаларды қазақ мектептеріне беруге шақырды. Сонымен қатар сюжетте Білім сарапшыларының қазақ лигасының вице-президенті Наталья Дрейттің де пікірі ұсынылды. Ол орыс және қазақ мектептері толы және мәселе мұғалімдердің жетіспеушілігінде, ал бұл жағдайды педагогтердің мәртебесі туралы заң өзгертуге тиіс деп мәлімдеді. Бүгінде бұл материал пабликтерде әдейі бұрмаланып жарияланып жатыр, – деп түсіндірді «31 арна» өкілдері.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі орыс тілінде оқытатын кластарды жабу туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақ сыныптарында да, орыс тілінде оқытатын сыныптарда да орыс тілі бұрынғыдай оқытылады, басқа жоспар жоқ, – деді Қазақстан Республикасының оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.