Премьер-министр Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтандағы жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысты.
Соның бірі — «Астана Технополис» АЭА аумағындағы YDA Industrial Park көпбейінді зауыты. Мұнда қазір құрылыс жүріп жатыр. Зауыт өнімдері тек ішкі нарыққа емес, көрші елдерге де экспортталады. Жалпы құны 46 миллион доллардан асатын жоба шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Премьер-министртің айтуынша, зауытты іске қосу қазіргі кезде шетелден әкелінетін өнім импортын азайтуға көмектеседі. Сонымен бірге ол Қазақстанға инвесторлардың келуін әрдайым қолдаймыз деді.
Ал YDA Group басқарма төрағасы Хусейн Арслан бес кәсіпорынның төртеуі Қазақстанда алғаш рет ашылатынын айтты.
«Қазақстандық тарапқа белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Біз тиісті министрлікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, сондықтан өзімізге сенімдіміз», — деді Хусейн Арслан.