Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, оларға ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелді. Парамен ұсталған басшылар «Экспресс» филиалында жұмыс істеген. Екеуі өзіне қарасты учаске арқылы өткен «Тұлпар-Тальго» пойыздарын тексермегені үшін ақша талап еткен.
Агенттіктің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті заңбұзушылықты видеоға түсіріп алған. Онда пойыз басшыларының ақша беріп жатқаны көрінеді. Біреуі қолма-қол берсе, енді біреуі үстелдің үстінде тұрған заттардың астына тығып отырған. Барлығы 27 эпизод анықталды.
Кінәлілер коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуге тиіс, — дейді агенттік мамандары.
Ал «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізілді.