Басты бетЖаңалықтарНасыбайдан электрон...

Насыбайдан электрон шылымға дейін немесе Қазақстанда темекі қалай тарады?

ниЖевред жобасымен бірлесе отырып, Қазақстандағы темекі тарту үрдісінің қалай қалыптасып таралғанын талдаймыз, өткен дәуірлердегі насыбай атудан бастап XXI ғасырдағы қыздырылатын шылымға дейін аралықты шолып өтеміз.

Адамзат өміріне темекінің дендеп енгені соншалық, дүниежүзінің кез келген дерлік аймағынан бұл зиян әдетке арналған әлдебір дәстүр-ғұрыпты не құрал-жабдықты табуға болады. Шылымның ағзаға тигізер әсерін азайту үшін түрлі дәуірде никотин қабылдаудың залалы аздау сан алуан тәсілі қолданылды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, темекіні қыздыру технологиясы осы әдеттен келетін зардапты кәдімгі шылымға қарағанда 95% төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтуге болады. Ал шылымқор тәнінің негізінен никотиннен емес, темекі түтінінен, атап айтқанда түтіннің құрамындағы канцерогендерден, шайырдан, ыс газынан уланатынын ескерсек, Қазақстандағы темекі хикаясы түтінсіз әдістен басталғанын әңгімелеу тіпті қызық болмақ.

Әлқисса. Насыбай, саудагер және дала стилі

Бәрімізге таныс шылым пайда болғанға дейін Орталық Азия халқы насыбай әзірлеп, оны еріннің астына салған немесе иіскеп отырған. Жалпы насыбай деген сөздің өзі «нас» атты жабайы қарасора шөбінің атауынан шыққан. Насыбай жасау үшін оны шыланған әктаспен араластырған.

Насыбайдың әсері туралы жазушы Әбіш Кекілбаев XIX ғасырдың соңындағы құдықшы өмірі туралы «Шыңырау» повесінде былай суреттейді: «Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді».

XIX ғасыр. Темекі плантацияларының таралуы және Абайдың шақшасы

Қазіргі Қазақстан аумағына темекі Қытаймен және Ресей империясымен арадағы сауданың әсерінен келді. Оны керуендер жеткізіп отырды. Уақыт өте келе темекі сәнге айналды. Генерал-губернатор Гасфордтың кезінде Жетісу мен Іле аймағы гаваналық темекі алдыртыпты, ал 1868 жылы Верныйдың Қазына бақшасында ең алғашқы тәжірибелік темекі плантациясы салынады. Солтүстік облыстарда мұндай алқаптар болмаған, алайда переселендер мен казактар ауладағы бақшасында «линейский» аталып кеткен махорка сұрпын отырғызған екен.

Осы ретте қазақтың ұлы ақыны Абайдың музей-үйінде сайғақтың мүйізінен жасалған көне шақшаның сақталып қалғанын айта кету керек.

XX ғасыр. Өндіріс дамуы, махорка және алматылық «Вирджиния»

ХХ ғасырды халықтың жаппай темекі тартуға өту кезеңі деп атауға болады. Кеңес билігі орнаған Верныйда шылым шығаратын бүтіндей екі фабрика жұмыс істеп тұрған екен. Олар кейін бірігіп, мемлекеттік кәсіпорынға айналыпты. 1930 жылдарға дейін темекіден бөлек бұл өндіріс орны жылына 15 350 папирос жасап отырған, ал кейін аталған көрсеткіш 250 миллионға дейін жетіпті.

Темекі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың (1961-1970) «Қан мен тер» романында кейіпкерлер өмірінің ажырамас бөлігі ретінде сипатталады және қазақтардың насыбайы мен орыс солдаттарының махоркасы қатар жүргені көрсетіледі. «Сүйеу төрде. Тіп-тік боп шаншылып алған. Ай татырда, ін аузында шаншылған саршұнақтай. Үстінде ақ бөз дамбал. Ақ бөз көйлек. Өзі де қан-сөлсіз арық. Және аппақ. Сақал-шашы да аппақ қудай. Бармағына толтыра салған көк бұйра насыбайды екі танауына кезек апарып күсілдетіп, құшырлана тартады. Екі көзі жасаурай түсіп, бүткіл беті жыбырлап отыр», — деп суреттейді автор романында.

Қазір Панфилов аталатын Алматы темекі совхозында жоғары сапалы элиталық темекі сұрыптары егілген екен. Жергілікті халықтың айтуынша, совхоз тіпті «Вирджиния» темекісін Сталиннің өзіне жеткізіп отырған екен.

Темекі сүзгісі һәм кеңес эстетикасы

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін темекі индустриясы қарыштап дамыды. 1970 жылдарға қарай КСРО дүниежүзі бойынша Қытай мен АҚШ-тан кейін ең ірі темекі өндіруші мемлекетке айналды. Ал сүзгісі бар шылым маркалары 1950 жылдардан кейін шығарыла бастады. Алматы фабрикасы Медеу, Дюбек, Қазақстан сияқты танымал маркаларды әзірлейтін болды. Сонымен қатар ел арасында «темекіге бару» деген түсінік тарады, бұл жазда студенттердің темекі совхоздарына өнім жинау үшін баратынын білдіретін еді.

Индустрияның бұлайша дамуын сол замандағы суретшілердің еңбегінен де байқауға болады. Мысалы, Әбдірашит Сыдыхановтың 1972 жылғы «Темекі жинау кезінде» атты суреті Қастеев музейінің қазақстандық өнер залына қойылған.

Голливуд кинотуындыларындағыдай, кеңестік кинематографияда да темекі өнімдері кеңінен көрсетілді. Мәселен, «Ине» фильміндегі Виктор Цой сомдаған бас кейіпкер Мороны Төлебаев көшесінде «Космос» маркалы шылымды бұрқыратқан бейнесіз елестету мүмкін емес.

Осы ретте кеңес дәуіріндегі ер адамдар арасында ең жиі кездесетін онкоаурудың өкпе обыры екенін айта кету керек. Одақтың темекіге қарсы күреске арналған 1980 жылғы концепциясы ағзаға тигізер зияны жоғары болғандықтан сүзгісіз өнімдер өндірісін қысқартуға шақырған еді.

Тәуелсіздік және түтінсіз құралдар дәуірі

1990 жылдардың басында тәуелсіздік алған соң Қазақстан өз экономикасын дамыта бастады. Осы кезде елге дүниежүзілік ең ірі темекі өндірушілер келді. Олар шетелдік темекі маркаларының әсерлі жарнамасын жаппай көрсетіп, телеэфирді жауып қалды.

2000 жылдары темекі компанияларына қарсы жаһандық күрес аясында темекі және алкоголь өнімдерін БАҚ-та жарнамалауға тыйым салынды. Статистика шылым тұтынудың біртіндеп азая бастағанын көрсетті: мысалы, 2007 жылы Қазақстанда халықтың үштен бірі темекі тартса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 24% болып отыр.

Бүкіләлемдік технологиялық өзгерістер темекі индустриясын айналып өтпеді. Ғылыми зерттеулер мен жаңалықтарға көптеп ресурс бөлген өндірушілер никотин қабылдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тапты. Вейптер мен темекіні қыздыру жүйелері кәдімгі шылымға балама ретінде осылайша пайда болды. Алғашқысы құрамындағы заттардың күдікті болуына байланысты жиі-жиі кедергі-тыйымға ұшыраса, екіншісін дәрігерлер никотин қабылдаудың зияны аздау әдісі ретінде мойындайды. Себебі темекі салыстырмалы түрде төмен температурада қыздырылады, нәтижесінде улы заттарға толы түтін емес, аэрозоль ғана бөлінеді.

Никотинге тәуелді болу, сонымен бірге одан ағзаға келер зиянды азайтуға тырысу адамзатты жаман әдеттерден болатын зардапты төмендетуге арналған жаңа әдістерді ойлап табуға итермелеп жатыр. Кеңес одағында мұндай тәсіл сүзгісі бар темекі болса, қазір қыздырылатын темекіні атауға болады. Ары қарай не болатынын уақыт көрсетпек. Жақындарыңыздың, таныс-туыстарыңыздың арасындағы шылымқорларға шешім ретінде темекіні мүлдем қойып кетуді ұсына аласыз, бірақ мұндай қадамға бара алмайтындар үшін ең дұрыс жол әзірше нарықтағы зияны аздау балама жүйелерді таңдау болмақ.