Эльвира Әзімова, ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі:

Эльвира Әзімова
Эльвира Әзімова. Фото: Inform.kz

Адам саудасы қылмысына өз келісімімен баратын құрбандар бар

Адам саудасы еліміздің заңына сәйкес, қылмыстық іс болып есептеледі және оған қылмыстық жауапкершілік тағайындалған. Дегенмен біз мұны қоғамға қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс деп те қарастырамыз. Өкінішке қарай, мұндай жағдайға өз келісімімен баратындары да бар. Олар көбіне еңбек заңын бұзатын құлдыққа немесе күмәнді шарттарға келіседі. Сонымен бірге осы күнге дейінгі тәжірибе мұндай адамдар осы сияқты жағдайға бірінші рет тап болмайтынын көрсетіп отыр. Сол себепті азаматтарға алдын ала ескерту, анализ жасау жұмысы маңызды. Ол үшін басқа елдердің бұл мәселемен қалай күресіп жатқанына да назар аударуымыз қажет.

Көп мемлекетте адам құқығын қорғау мақсатында заңдар қабылданған. Сол сияқты біздің Қазақстанда да «Адам құқықтары және заң үстемдігі» жобасына қатысты нақты шешім қабылданды. Оның мақсаты — тек адам құқығын қорғау немесе профилактика және адам саудасы қылмысын жасаған қылмыскерді жауапқа тарту ғана емес, сонымен бірге осындай жағдайға тап болғандарға жәрдемдесу.

Тастемір Әбішев, ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:

Тастемір Әбішев.
Тастемір Әбішев. Фото: Flickr.com/

Заң адам құқығына қатысты халықаралық стандарттарға сай болуға көмектеседі

Адам саудасы — адам құқығын бұзатын қылмыстың ең сорақы түрі. Бұл тек бұрынғыдай базарға барып, қыз немесе ұлды, әйелді немесе ерді сатып алу ғана емес. Бүгінде бұл қылмыстың еңбекпен немесе сексуал тұрғыда қанау, адамның ағза мүшелерін алып қою, әйелдерді еркінен тыс суррогат ана болуға мәжбүрлеу және баласын тартып алу, адамды күштеп қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу және тапқан табысын тартып алу, сәбилер мен балаларды сату сияқты түрлері бар.

Адам құқықтары жөніндегі комиссия бұл мәселеге 2005 жылдан бері ден қойып келеді. Бастапқыда біз Қазақстан Республикасы парламентіне, үкіметіне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық құқықтық актілерді ратификациялауды ұсындық. Кейін 2008 жылы ұсынылған халықаралық актілер қабылданып, жүзеге асырылды.

Адам саудасы мәселесінің Қазақстандағы жағдайын жан-жақсы қарастыруға тырыстық. Мәселен, ең әуелі елдегі мигранттардың құқығы қаншалықты сақталғанына назар аудардық. Кейін азаматтығы, құжаты жоқ босқындар өміріне мән бердік, себебі олар адам саудасы құрбаны болуы мүмкін қаупі жоғары топтағы адамдарға жатады.

Дүниежүзінде заңсыз табыстың ішінде адам саудасы қылмысы үшінші орында тұр. Адамдар көбіне қару-жарақ, есірткі және адам сатумен айналысатыны дәлелденген. Бұл мәселе Қазақстанға да қатысты болғандықтан 2013-2014 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілінде адам саудасы мәселесіне қарсы күрес және адам құқығы жөніндегі арнайы есеп дайындадық. Осы жылы жеке заң қарастыруды ұсындық. Бұл проблеманың өзекті екенін байқаған соң 2013-2014 жылы, 2015-2016 жылы және 2021 жылы үш рет адам саудасына қарсы күрес мәселесі бойынша жеке арнайы заң қабылдауды ұсындық. Қуанышымызға орай, президент мұны мақұлдады. Заң қабылданған жағдайда адам саудасы құрбандарының құқық халықаралық стандарттарға сай қорғауға болады және проблеманың өзін шешуге көмектеседі.

Анна Рыль, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі:

Анна Рыль
Анна Рыль. Фото: Baigenews.kz

Адам саудасы құрбаны болған мигранттың көбі — сауаты төмен адамдар

«Қорғау Астана» қоры 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жұмыс барысында байқағанымыз — бұрын еңбек эксплуатациясы құрбаны болған мигранттар 78%-ке дейін жететін. Кейін жүргізілген шаралардың арқасында олардың саны азайған еді. Дегенмен өкініштісі — кейінгі жылдары бұл статистика күрт өсе бастады. 2021 жылы мигранттармен жұмыс істеу кезінде еңбек эксплуатациясына қатысты 42 жағдайды тіркедік.

Мұндай жағдайда мигрант емес, оны осы іске мәжбүрлеген адам екенін түсінгеніміз жөн. Себебі адам саудасының құрбаны болған мигранттың көбі — сауаты төмен, жазуды, сызуды білмейтін адамдар. Соның салдарынан алданып жатады. Сондықтан оларға құжатын рәсімдеу, медицина, қаржы бойынша, еліне қайтуға көмектесу керек.

Мамандардың есебіне сәйкес, елде адам саудасы құрбандары көбейген. Дегенмен оларға көмектесу, ал қылмыскерлерді жазалау ісі қарқынды жүргізіліп келеді. Бұған қоса, адам саудасынан зардап шеккендерді қабылдайтын орындарға қаржы бөлініп, мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен байланысты орнатқан.

Басты иллюстрация: Ttgasia.com