Қытай компаниясы Көкшетауда ЖЭО салып беруді ұсынып отыр

Бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Көкшетауда жылу энергия орталығын салуға ниетті қытайлық «China Sinogy Electric Engineering Co.Ltd» (CSEEC) компаниясының басшыларымен кездесті.

Су Инпин бастап келген қытайлық компания өкілдерімен өткен кездесуде аймақ басшысы облыстың екіжақты әріптестік орнатуға қызығушылық танытқан инвесторлар үшін ашық екенін атап өтті.

«Жаңа өндіріс орындары ашылып,  өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келе жатқан облыс орталығы үшін жылу орталығын салу маңызды. Біз осы мақсатта жақында израилдік компаниямен меморандумға қол қойған болатынбыз. Олар бізге өз мүмкіндіктерін ұсынды.  Дегенмен,  біз оларға бірден талаптарымызға сай аталған жобаның жүзеге асыруға ниетті әлеуетті компания табылып жатса солармен жұмыс істейтінімізді ескерттік. Бізге ең бастысы өзімізде шығарылатын Сарыадыр көмірін пайдаланған тиімді. Бұл бір жағынан орталықты отынмен үзіліс қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе,  екіншіден көптеген тұрақты жұмыс орны, әрі қаржы өзімізде қалады», — деді облыс әкімі кездесуде.

Сонымен қатар,  өңір басшысы инвесторларға Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған Р1 және Р2 ауданаралық жылу қазандығын қайта қалпына жұмыстарын да қолға алуды ұсынды.

Кездесуде қытайлықтар өз мүмкіндіктерін айта келе, жылу энергия орталығының құрылысын қолға алуға дайын екенін жеткізді. Одан әрі Ақмола облысының әкімдігі мен қытайлық China Sinogy Electric Engineering Co.,Ltd» (CSEEC) компания арасында аталған ЖЭО салу жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың соңында Ақмола облысының әкімдігі мен израильдік компания арасында Көкшетау қаласында қуаты 180 МВт электр және 450 Гкал/с-ты құрайтын ЖЭО салу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.

Әзірге,  аталған нысанның құрылысын қай компания қашан қолға алатыны белгісіз. Алдағы уақытта Ақмола облысы әкімдігінің қойып отырған талаптарына сай жұмыс жасайтын компанияға басымдық берілетіні сөзсіз.