Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлімдеді.
Біз әлеуметтік кодекс аясында бала күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартуды ұсынып отырмыз. Қордың қызметі әлеуметтік жәрдемақыны төлеумен ғана шектелмейді. Біз жалпы жүйенің, оның ішінде қаржы тұрақтылығын сақтауға жауаптымыз. Жалпы әлеуметтік міндет — ұзақмерзімді шаруа. Дегенмен дәл қазір бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау мерзімін ұзартуға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын, — деді Нұрсұлу Кемел.
Оның айтуынша, қазір аталған мәселе талқыланып жатыр. Қорытынды шешім көпшілікке жарияланады.
Сонымен қатар асыраушысынан және еңбек қабілетінен айрылған жағдайда берілетін жәрдемақының да маңызы зор. Бүгінде аталған жәрдемақы түрін 160 мыңнан астам адам алып отыр, — деді Нұрсұлу Кемел.
Айта кетейік, қазір елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемнің орташа мөлшері — 41 мың теңге.