Ресми мәліметке сәйкес, биыл елімізде пияз жақсы шыққан. Соған қарамастан, бағасы өте жоғары болып тұр. Жыл басынан бері пияз бағасы 109%-ке (2 есе) өсті. Бұл — кейінгі 4 жылдағы ең жоғары өсім. Оған қоса, пияздың бағасы апта сайын орта есеппен 2-3%-ке өсіп келеді.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы 191 теңге болса, Алматы облысында ең жоғары бағасы 308 теңге көлемінде тіркелді. Қазақстанның ішкі нарығында пияздың қымбаттауы көршілес нарықта пиязға сұраныстың артуы және экспорттық бағаның жоғары болуымен байланысты. Сондықтан Қазақстаннан көрші нарыққа пияз экспортының көлемі артты, — деді министрліктің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.
Ақпаратқа сәйкес, бақылаусыз экспорттың салдарынан ішкі нарықта пияз тапшылығы болуы мүмкін. Сол себепті ведомствоаралық комиссия талдау жасаған. Сол кезде фитосанитарлық рұқсат беру уақытша тоқтатылған болатын.
22 шілде ведомствоаралық комиссия пияз экспортына тыйым салудың қажеті жоқ деген шешімге келді. Өйткені арнайы жүргізілген талдау ішкі нарықта пияз тапшылығы қаупінің жоқтығын көрсетті. Бүгінгі таңда облыстар 34 мың тонна пиязбен қамтамасыз етілген. Бұл ай сайынғы тұтынудың 132%-ін құрайды. Осыған байланысты фитосанитариялық рұқсаттарды қайта беру шаралары басталуы тиіс, — деді Әлішер Өмірзақ.