Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп рейстердің көптеген кідірістері мен жолаушылардың шағымдарына байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу барысында 5 маусымда Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуе тасымалдаушысының Алматы-Шымкент бағыты бойынша «КС – 7105» рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені белгілі болды. Ол рейс жолаушыларына ұшақтың көтерілуін күткен уақытта «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үй ұсынылмаған, — делінген хабарламада.
Осы оқиғаға байланысты 28 шілдеде әуе компаниясының үстінен әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама жасалған.
Осы хаттама бойынша әуе компаниясына 1 000 АЕК (3 180 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған дейін Air Astana компаниялар тобы 7 және 21 шілдеде 1 000 АЕК (3 180 000 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Жалпы алғанда, биыл Air Astana компаниялар тобы рейс кешіктірілген кезде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп жазылған комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Комитеттің дерегі бойынша, рейстердің кешігуіне және жолаушылар құқығының бұзылуына байланысты тергеу жалғасып жатыр.
Құқық бұзу фактілері анықталған жағдайда тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілікке тартылады, — деп жазылған мәліметте.