Дана — университетті енді бітірген жас маман. Ол махаббаттың бар екеніне сенеді және өзінің өмірлік жарын іздейді. Көп ұзамай табады да. Әлеуметтік желіде Арман деген жігітпен танысады. Дана ауырып, емханада жатқанда Арман Дананы басқа қаладан іздеп келеді. Екеуі жақын танысып, соңында отбасын құрады.

қойылым, театр, актер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қойылым, театр, актер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қойылым, театр, актер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Өте таныс, әдемі оқиға ма? Кинодан, театрдан осылай аяқталатын түрлі туындыны көріп, сүйсінеміз. Автор әдетте мұндай оқиғаның соңын «Олар ұзақ, бақытты өмір сүріпті» деп, бір сөйлеммен ғана аяқтайды. Ал «Нәзік жүрек» спектаклінде оқиғаның жалғасын басқа ракурстан тамашалауға болады. Оқиға күнделікті өмірде, қоғамда кездесетін сценарий бойынша жалғасады.

Уақыт өте келе Арман мен Дананың арасы бұзылып, Арман әйеліне қол көтеруді шығарады. Екі баласын өмірге әкелген соң Дана отбасының тыныштығы үшін күйеуінің қорлығына көніп жүре береді. Бірнеше рет ашық сөйлесуге тырысқанымен, әр диалогтың соңы Арманның күш көрсетуімен аяқталады. Дана күйеуін тастап кетуге қорқады.

«Университет бітірген соң еш жерде жұмыс істемедім», «Балаларымды қалай асыраймын», «Жақындарым алыста, туыстарым мені екі баламмен қабылдай ала ма?» деген ойлар маза бермейді.

Оның үстіне, Арман әр ұрыстан кейін Данадан кешірім сұрап, ендігәрі мұндай әрекет қайталанбайтынын айтады. Алайда күнара қол көтеру жалғаса береді. Дана, тіпті, сыртқа шығып серуендеу үшін күйеуінен рұқсат алуы керек жағдайға жетеді. Күйеуі мұны қызғаныштан деп түсіндіреді.

қойылым, театр, актер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бірде Дананың шыдамы таусылып, кезекті соққыдан кейін күйеуінің жоқтығын пайдаланып, үйінен қашып шығады. Қайда барарын білмей отырғанда емханада жатқанда естіген дағдарыс орталығы есіне түседі. Екі баласын алып дағдарыс орталығына барады. Дағдарыс орталығы оған медициналық, психологиялық ақыл-кеңес беріп, көмектеседі. Әйелінің үйден кетіп, полицияға арыз жазғанын білген Арман өз-өзіне қол жұмсайды.

емхана, қойылым, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әрине, мұндай трагедияға толы қойылым көп адамға ұнай қоймасы анық, бірақ жоба авторлары мұның логикасын басқаша түсіндірді.

Шығармашылық ұжым соңы трагедиямен аяқталатын оқиғаны көрсету арқылы көрерменге егер сен басқа жолды таңдасаң, мұндай қайғылы оқиға қайталанбайды деген месседж жеткізгісі келеді, — дейді ҚР дағдарыс орталығы одағының PR-менеджері Әлия Жанғожина.

Қойылымдағы екінші жұп — Әсел мен Абылай. Екеуі түнгі клубта танысады. Абылай Әселді алғаш көрген сәтте теңімді таптым деп ойлайды. Танысып, біраз уақыттан кейін отбасын құрады. Уақыт өте келе келіспеушіліктер пайда болады. Бұл оқиғада Әсел күйеуіне күн көрсетпейді.

қойылым, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұрыс-керіске балаларын араластырып, «Әкелерің әлжуаз» деп күйеуінің намысына тиеді. Абылай ашуланып, қарсы сөз айтса, «Балалар, әкелерің маған дауыс көтерді, тіпті қол көтермекші, көрдіңдер ме?» деп айқайлайды.

Абылай үйіне бармай, ішімдікке салынады. Кейін достарының кеңесімен психологтан көмек алып, отбасын сақтап қалуға тырысады. Достар «Арман да дер кезінде проблемасын бөлісіп, агрессиясын басқаруды үйренсе, арамызда болар еді» дейді.

қойылым, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қойылым авторы қоғамда тек әйел адам емес, ер адамдар да зорлық-зомбылық, қысым көретінін жеткізгісі келеді. Зорлық-зомбылық тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық, мораль жағынан да болуы мүмкін.

Қойылым кейіпкері Абылайдың айтуынша, қазақ қоғамында әйелімнен зорлық көрдім деп айту, біреуден көмек сұрау — ұят.

ұрыс, қойылым, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қыз-келіншектер күйеуінен көрген қорлығын құрбысына, жақын туысына айтуы мүмкін. Олар екі жастың арасындағы мәселені шешуге көмектесіп жатады. Ал ер адам мұндай мәселені тіпті, ең жақын досына да айта алмайды. Көмек сұрап, тиісті органдардың көмегіне жүгінуге қысылады. Жабулы қазан жабулы күйінде қала береді де, бір күні атылып, жоқ болады. Ал менің кейіпкерім дер кезінде көмекке жүгініп, өзін, отбасын сақтап қала алды, — дейді ол.

«Нәзік жүрек» қойылымының мақсаты — зорлық-зомбылыққа қарсы көзқарас қалыптастырып, адамдардың сауатын арттыру. Қойылым АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің және ЮНИСЕФ қолдауымен жүзеге асырылған.

Қойылым актерлері — дағдарыс орталығының мамандары, студенттер мен зорлық-зомбылыққа қарсы үн қосқысы келетін қарапайым қала тұрғындары. Шығармашылық ұжым қойылымды Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Көкшетауда, Өскеменде және Қостанайда сахналауды жоспарлап отыр.

актер, қойылым, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

ҚР дағдарыс орталығы одағының PR-менеджері Әлия Жанғожинаның айтуынша, қойылымның сценарийі өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған. Шығармашылық топ бар болғаны екі аптаның ішінде қойылымның мазмұнын жазып шыққан. Ал актерлердің кәсіби шеберлігін қалыптастыруға Bond Street Theatre мамандары Джоан Шерман мен Майкл Маквиген көмектескен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Джоан Шерманға АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қойылым дайындау үшін бірнеше тақырып ұсыныпты. Джоан тұрмыстағы зорлық-зомбылық қазір үкіметке, саясатқа, адамзатқа маңызды болғандықтан осы тақырыпты таңдапты.

Қазақстанға келгеніме бір ай болды. Бір жылдан бері шығармашылық ұжыммен жиналысты онлайн жасап жүрдік. Қазақстан қоғамын әуелі онлайн таныдым. Маған бұл ел жақсы әсер сыйлады. Өте әдемі қалалар бар. Тамақтары, адамдары ұнады. Мінсіз мемлекет болмайтыны сияқты, Қазақстанның да өз проблемасы бар. Жемқорлық, денсаулық сақтау, білім беру жүйесінің кемшін тұстары барын байқадым. Біз осыған дейін бірге жұмыс істеген Әзірбайжан, Ауғанстан сияқты елдерде де осыған ұқсас мәселе көп, — дейді Джоан Шерман.

Джоан Шерман
Джоан Шерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Джоан Шерман бес қаладағы қойылымды аяқтаған соң Нью-Йоркке қайтады, бірақ Қазақстандағы шығармашылық ұжымға қойылымды дамытып, әрі қарай сахналауға рұқсат беріп отыр.

Әр қалада қойылым біткен соң көрермендермен пікірталас ұйымдастырамыз. Қазақ тілін білмесем де, аудитория жақсы қабылдағанын эмоцияларынан сеземін. Осындай мазмұндағы қойылымдардың қоғамға әсері мықты. Адамдарды ойлануға, әрекет етуге, батыл болуға, бақытты болуға шақырады, — дейді ол.

көрермен, театр
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қойылымға келгендердің дені — жасөспірімдер. Қойылым бір сағатқа созылса, көрермендердің сұрағы мен пікірталасы одан көп уақыт алды. Олардың сұрағына дағдарыс орталығының маманы, психолог Салтанат Маусейітова жауап берді. Ол қойылымға нарратор (баяндаушы) ретінде қатысты.

Салтанат Маусейітова қойылымдағы кейіпкерлердің ситуациясына тап болған азаматтарға 150 нөміріне хабарласып, жағдайын баяндап, көмек алуға болатынын айтты. Зорлық көрген әйелдер мен балаларға дағдарыс орталығында тегін жатын орын, медициналық-психологиялық көмек, заң тұрғысында кеңес беріледі.

Салтанат Маусеитова
Салтанат Маусейітова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы