«Қазақ қызық халық. Қыздарын аялап, мәпелеуден алдына жан салмайды. Төрге отырғызып құрметтеп, сөзін екі етпейді. Ал сол қыздың жасы 20-дан асса болды, тұрмысқа шықпағаны үшін қауым болып, тіпті қоғам болып қыспаққа алады, шеттете бастайды. Маңдайға жазылған тағдыр ұғымынан аттап, бәрі қыздың ғана қолында тұрғандай көреді».

Қойылым осындай монологпен басталады. Синглизмді (жалғызбасты адамдарды шеттету, стигматизациялау) суреттейтін оқиға кеш, түс, таңертең болып кері қарай баяндалады. Қойылымда кейіпкердің бір күні бейнеленгенімен, 12 жылдық өмірі қамтылады.

— Айдана ханым, бес жыл бұрын алғаш сахналанған «Жүрегімнің иесі» әлі де қойылып келеді. Туындының театр репертуардан түспей келе жатқанына не себеп?

— Мұның бір ғана себебін айту жеткіліксіз болар еді. Көрермен әртүрлі. Сол сияқты олардың қойылымға келуіне де себеп көп. Біріншіден, өмір шындығын жанамаламай, астарламай көрерменнің «ашық жарасына тұз ғып сеуіп», ашық ұсына білдім. Шындығында қоғамда отбасылы болуды ойламайтын адамдар тақырыбын қозғап, біреудің жанды жеріне тиіп кетем бе дейтіндер бар.

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Екіншіден, тапсырыспен жазылмай, бірнеше жыл бойымда пісіп, жан жүрегімді жарып шықты. Қазіргі көрермен өзгеше, бірдеңені тереңінен ойлап, өзі шешімін тауып, автор мұнымен не айтқысы келді, астарында не бар, не істеу керек деген сұрақтарға бас қатырып отырғысы келмейді. Өзім сол кісілердің үдесінен шыға білдім деп ойлаймын. Бар нәрсені бар деп көрсеттім.

«Спектакльдің бас кейіпкері мен автордың арасында қандай да бір ұқсастық, байланыс бар ма?» Осы сұрақ өте көп қойылады. Кез келген шығармадағы кейіпкердің прототипі болады. Прототип дегеніміз – жиынтық образ. Кейіпкерді 100% бір адамның өмірімен алып шығу мүмкін емес.

Қойылымның сценарийі өмірімдегі оқиғамен жазылмаса да, оның айтатын ойының 90%-і — өзімдікі. Өзім сияқты, кейіпкерім сияқты ойлайтын, сол оймен келісетін аудитория көп сияқты. Көрермендердің пікірінен кейін осындай ой түйдім.

— Психофизикалық қойылымда тұрмысқа шықпаған қыздардың психологиясын қалай зерттедіңіз?

— Бала кезден ересек адам сияқты ойлаймын. Адамның циркадтық жасы мен психологиялық жасы сәйкес келе бермейді ғой. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген сәттен бастап ғылым академиясында ғылыми қызметкер, телеарналарда сценарист болып жұмыс істедім. Сол кезде айналамдағы қыздардың көбі тұрмысқа шықпаған еді. Әрқайсымен жеке таныс, сырлас болдым. Осылайша, қоршаған ортамды зерттеуге мүмкіндік болды. Бәріміздің айналамызда тұрмысқа шықпаған қыздар бар, олардың мұңы мен үні бар, бірақ ести алатын, естігісі келетіндер аз.

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Пьеасаны жазуға төрт жыл кетті, осы уақыттың бәрінде жазбасам да, үнемі ойымда пісіре бердім. Өмірде кездескен оқиғаларды, кейіпкерлерді қосып, түйгенімді жазып отырдым.

Студент кезімде телеарнадағы бағдарламаның біріне «кәрі қыз» туралы тақырыпқа спикер ретінде шақырды. Ол кезде «кәрі қыз» деген түсінік миыма кіріп те шықпайды. Интернеттен статистика іздейін деп, академиядағы компьютерге отырып едім, «кәрі қыз» дегеннің орысшасын таба алмадым. Сол сәтте кабинетке орта жастағы ұстазым кіре қалды. «Апай, «кәрі қыз» деген орысша қалай болады?» дегенім сол еді, ана кісі қатты ашуланып, айтпағанды айтты.

Кейін ол кісінің мүлдем тұрмыс құрмағанын білдім. Кабинетке дәл сол кісінің кіріп қалғанын көрмейсіз бе? Әдейі жанды жеріне тигендей болып қалдым. Дәріс алғаным болмаса, жеке өмірінен хабарым жоқ екен. Кешірім сұрадым. Ол кісінің ашуы қатты әсер етіп, бұл тақырыптың өте өзекті екенін ұқтым. Пьеса жазуға сол кезден бастап кірістім.

Дәл менің пьесам арқылы бүкіл қоғамның пікірін өзгертіп жіберу мүмкін емеc, әрине. Дегенмен су тама берсе, күндердің күні тасты да жарып шығатынына сенемін. Тақырып әртүрлі ракурста, әртүрлі драматургтың пьесасы арқылы қаузала берсе, қоғамның пікірі де міндетті түрде өзгереді.

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қойылымдағы тақырыптар әлі актуал екенін ескерсек, бұл қоғамның дамуы бір орында тұрып қалғанын білдірмей ме?

— Қоғамның бір орында тұрған жоқ, минут емес, тіпті секунд сайын дамып жатыр. Тек даму бағыты өзгермеген. Инфобизнес, технология, психология бәрі дамып жатыр. Тұрмысқа шықпаған немесе шыққысы келмейтін қыздар тақырыбы күн өткен сайын маңызды болып барады. Өзгеріс бар, бірақ бұл өте баяу болып жатыр.

— Спектакльде «Қазіргі қоғамда бала əлдененің құралы ғана» деген ой айтылады. Қазақ драматургиясында балалар мен олардың құқығы қалай қозғалып жүр?

— Иә, қойылымда бұл тақырып та қамтылады. Консерватив көзқарастағы ата-ананың баланы «кейін мені бағады ғой» деп қана туатыны өкінішті.

Бас кейіпкер Дариға тұрмыстағы Жансаяға «Сендер шынымен қазақтың санын көбейткілерің келе ме, əлде дүкенге нанға, темекіге жұмсайтын, пульт пен зарядканы іздететін құл керек пе? Меніңше… Біздің дəл қазіргі қоғамда бала əлдененің құралы ғана. «Залетпен» күйеуге тиіп алу үшін, отбасын сақтау үшін, туған-туыстың қысымынан құтылу үшін, жалғыздықтан қашу үшін, анау үшін, мынау үшін… əйтеуір «үшін» ғана» деп айтады.

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Балалар құқығы туралы туындыларға келсек, былтыр Талдықорғандағы Бекен Римова театрында «Жалқаудың жыры» атты балаларға арналған пьесамның премьерасы өтті. Балаларға арнап жазу қиын екенін түсіндім. Жалпы пьесаның өзін жазу оңай емес қой, ал балаларға жазу одан он есе қиын. Сол қиындықты маған дейінгі драматургтар де сезген болар, өкінішке қарай, балаларға арналған пьесалар қазір мүлдем жазылып жатқан жоқ деп айтуға болады. Қиын екен деп жылы жауып қоюға болмайды. Ана болуды жоспарлап жүрген соң өзім де қолға алғым келеді.

— Қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз?

— Екі жылдай шығармашылықтан қол үздім. Тұрмысқа шықтым, отбасылық өмірдің қызығын көрдім, қыдырдым, кітап оқып, демалдым. Оған дейін бір сәтте бес жобаны қатар атқаратын, әр минуты есептеулі робот сияқты болыппын.

Осылай өмір сүре беруіме де болушы еді. Ұстаздарым, театр басшылығы шығармашылыққа қайта оралуға үгіттеді. Қазіргі қазақ қызы тағдырының сахнадағы өмірін жалғастыру үшін бір театрмен жұмыс істеп жатырмын. Үлгерсек, күзде жаңа пьесаның премьерасы болады.

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Кейінгі кезде сахнада қоғамның әртүрлі проблемасын көтерген туындылар көбейіп келеді. Бұл туындылар мақсатты аудиториясын қайткенде жетеді?

— Әр туындыда үлкен тағдыр, үлкен идея, еңбек жатыр. Сондықтан әр көрермен өзіне керегін алып, өміріне ұқсас тұсына бауыр басады. Сол үшін әр қойылымның өзіне тиісті көрермені бар деп айта аламын.

Біздегі драматургияға жетпейтін нәрсе көп. Ең үлкен екі себебін айтайын. Біріншіден, еңбекқор, жан-жақты білімді, шет тілін жетік меңгерген, креатив жас драматургтар жоқ. Бұл кемшілікті айтқанда, таяқтың екінші ұшы өзіме тиеді. Бұл шындықты мойындаймын және әрі қарай жұмыс істеу керегін білемін.

Екіншіден, қазіргі шындық жетіспейді. Әлі де ескіліктен арыла алмай отырғандаймыз. Жаңа нәрсе жасайтын кезде жасқаншақтық байқалады. Шекспирдің үлгісімен жазуға талпыныс бар, терең философиялық идеямен, поэтикалық көркем тілде жазуға деген қиял бар. Бұл әдістер нәтижесіз, бекер еңбек болып қала бермек. Әрине, көрермен сондай екен деп тілді шұбарлап, бір сәттік жеңіл дүние жазудың қажеті жоқ. Көркем туынды көрерменді алға сүйреуі керек. Тек көрерменнен бір саты жоғары тұратын туынды жазсаңыз жеткілікті. Сонда ғана мүмкін, өз заманыңның Шекспирі бола аласың. Үйренетін адам көп, С.Кейн, М.Макдонах, И.Вырапаев, Е.Гришковец, М.Дурненков бар.

— Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Айдана Аламан, драматург
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Төменде «Жүрегімнің иесі» пьесасынан бірнеше үзіндіні ұсынып отырмыз.

«Мен өзгердім… Мұндай емес едім. Бұрында тез жылағыш көңілшек, әлдеқайда мейірімділеу болдым. Бірақ қоғамға бұл қасиеттің бір тиынға да қажет емес екенін ұғындым. Анығын айтсам ұғындырды! Жанымдағы әлжуаз еркектерді көріп, олардың бойынан іздеген қасиеттерді өз ішімнен өндіріп шығара бастадым. Бірте-бірте туа бітті қасиетімдей болмысыма әбден дендеп алды. Ал ол сүмелектер, менен әлі қызға тән қылық күтеді. Бәріне намыссыз, ұсақталған, екіжүзді, әлжуаз еркексымақтар кінәлі!..

Мен сияқты қыздарда, яғни жас дене ішінде өз жанын таптап, есесіне басқаның болмысын құйып алған адамда қандай іңкәр сезім болуы мүмкін? Ессіз ғашық бола алмаймын. Себебі сезімін ақылға жеңдіре білген адамда есеп басым болады. Ол аздай, қоғамның, тіпті жақындарымның салған жарасынан қорғану үшін жанымды қалың сауыт қорғап тұр. Тіпті махаббатты да өткізбейді…

Бірақ табиғат өз дегенін жасамай қоймайды екен. Таңғы шайды жалғыз ішу… Тіпті киноға да жалғыз бару… Түнде жалғыз жату… Қанша жерден шаршап тұрсаң да көзіңе ұйқы ілінгенше төсекте аунай-аунай көрпеге оратылып қаласың Сырт көзге сыр білдірмегеніммен, ішім алай-дүлей, Әріптестерім үшін әрқашан төрт құбыласы тең адаммын. Шаршап кетем… Ойлашы өзің, еңірегенде етегі толып отырған директор қай қызметкеріне қызық болуы мүмкін???

Ол неге келмейді? Меніңше біздің жігіттерде ішкі комплекс бар. Қыздардан отказ алуға қорқады. Себебі әкесі кезінде «менің балам батыр» деп миына әбден құйып өсірген. Ал ондай ұл ұнатқан қызы бетін қағып жібереді ме деп болжам жасап алады. А вдруг ол сезімін қағып жіберіп, достарына прикол ғып айтады? Ал қыз сымбатты, əдемі, мінезді болса, қорқынышы екі есе көп, əлбетте.

Одан да момақай, түрі де онша емес, көнбіс біреуді көздеп, нысанаға дөп түскен тиімдірек. Тусовкаларда мөлиіп отырған қыздардың күйеуге тез шығып кететінін талай рет көргенмін.

Ал, өзіне не керегенін анық білетін қыздар мұнда нағыз байқұс! Көңілі ауған жігітке сезімін ашып айта алмайды. Себебі қазақта ондай болмаған, ұят! Əрі, қыздың сынып қалғанын білген жігіт тек қана өз пайдасын ойлап уақыт өткізіп, қалағанын жасайды. А вдруг əбден əурелеп, соңында тастап кетеді? Одан да қанша қиналса да, жастық құшақтап жалғыз өткені тиімдірек емес пе?! Мен де қадірсіз қалудан қашамын…

Ойлап отырсам… Бұл өмірден кім жалғыз өтпей жатыр? Жас кезінде жігіттерді әбден сапырған Мэрилин Монро да… Джейн Остин… Коко Шанель… Барлығы да «шын ғашықтар қосылмайды» деген тәмсілді қаузап кеткен бейбақтар. Өздерін солай жұбатудан басқа амалдары да жоқ. Жалпы сол не сөз??? Шын ғашықтар қосылмайды деген рас па? Меніңше, адамдардың барлығы бір-біріне шын ғашық болады. Қосылғасын тұрмыстағы ұрыс-керістер туындап, бір-біріне суына бастайды. Себебі пенде ғой! Пенде пендешілігін жасайды! В-о-оот, сол кезде отырады қиялдап, «негізі «анааау» шын ғашығым болған, соған қосылғанымда ғой…» деп. Себебі онымен ұрсысып үлгермей қалған ғой))) Как буд-то сонымен қосылса түк ұрсыспайтындығына, өмір бойы қызығының бітпейтіндігіне біреу кепіл болып тұрғандай. Қызық!.. Сосын екі күйеумен өмір сүреді. Бірі тек миында, екіншісі жанында жүреді. Сонда… Қайсысы өмірлік жар?

Бірде анамнан сенімді өмірлік жарды қалай табуға болады деп сұрағанымда: Қызым, Жаратқан шын мәнінде пендесінің маңдайына өзіне тиесілі тағдырын жазып қойған. Имандыға иманды, зұлымға зұлым, жалқауға жалқау жар кез болады. Сен ең алдымен өзіңді дамытуға тырыс. Күйеу іздеме, өзіңді ізде, өзіңе не керек екенін түсін, сонда жақсы күйеудің өзі сені іздеп табады, — деген еді. Мен осы сөзді жадымда ұстап, көңіліме тоқыдым. Ал сен қандайсың сонда? Мені неге таба алмай жүрсің? Бәлкім… қиялымда ғана қалғаның дұрыс шығар… Қолдарың қандай қуатты еді… Көзіңдегі мейірімділікке шомылғым келеді… Деміңе еріп барамын… Ішіме мыңдаған көбелек ұя салып алғандай. Жан дүниемді шымырлатып… Өзіңмен бірге алып кетші… Басқа әлемде өмір сүрейік. Бірге…

Қалаған адамға уақыт әлбетте табылар. Бірақ мен бармаймын. Себебі әрқайсысының «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақтарынан әбден жауыр болдым. Бас-басына көрген сайын қайталап сұрай береді, сұрай береді… Как будто я все реша-а-аю и все в моих руках!.. Ооо, одан қалса ескі дәуірлерден қалған барлық жалғыз басты еркектермен таныстырғыш… Өзімді жер бетіндегі өтпей жүрген ең соңғы қыз сезініп кетем ондай кездері. Аузынан сөзі, үстінен бөзі түсіп қалған небір жігіттерге телефон номерімді беретінін қайтерсің?! Ол байқұстар тұрады сосын, хал сұраудан ары аса алмай. Ондайлармен бірден қоштасамын. Good bye! Еркек – еркек сияқты болу керек!

Есіңде ме студент кезімізде стипендия түскен бойда барахолкаға қарай ұшатын едік қой. Мен сонда бір көйлекті бір күн бойы аралап іздеп жүретінмін. Біреусін табасың қымбат, қалтаң көтермейді кедей қыздарды жақтырмайтын тым бай жігіттер сынды. Енді біреуінің моделі келсе, түсі жараспай қалады, яғни ақылды, бірақ түрі онша еместер, енді бірінің саған шақ көлемі табылмайды. Яғни жасы тым үлкен ағайлардың сөз айтатыны сияқты. Біреуінің моделі де, түсі де, размері де ойдағыдай болғанымен, киіп көрсең бірсұмдық, өзіңді дискомфорт сезінесің. Ондай жігіттер де көп болды, білімі, ақылы, түрі, қалтасы сай келіп тұрғанымен, жақын араласа келе әйтеуір тартпайды, қарым-қатынаста гармония таппайсың.

Ең қызық жері сонда, барахолка тым үлкен ғой, таң атқаннан бастап күн батқанша қайдан кіріп-қайдан шыққаныңды білмей аралай бересің, аралай бересің, бұдан да жақсысы табылатын шығар деген үмітпен жарасап тұрған көйлекті алмай жүре бересің, жүре бересің… Кеш батып, саудагерлер жинала бастаған сәтте тапырықтайсың кеп. Не бағана жарасқан көйлектерді қайтып барып таппайсың, не қайтадан басқасын іздейтін уақыт жоқ. Пысық, ақылды қыздар бірден шешім қабылдап алып кеткен…»