— Елжас мырза, бірнеше жылдан бері баланы жазасыз тәрбиелеу мәселесін көтеріп жүрсіз. Дегенмен кей ата-ана бала тәрбиесінде жазалау әдісін дұрыс деп есептеуі мүмкін. Сіздіңше, мұның себептері қандай?
— Ата-аналардың бала тәрбиесінде жазалау әдісіне жүгінуінің негізгі екі себебін атауға болады: білімсіздік және әлсіздік. Мұндағы білімсіздік «оқымаған», «жоғары білімі жоқ» деген мағынаға келмейді. Біздің айтып отырғанымыз — отбасы, бала тәрбиесі саласында білімі жоқ адамдар. Олар баланы ұрмай-соқпай-ақ, қалай тәрбиелеуді, онымен қалай сөйлесу керегін білмейді. Сондықтан мұндай ата-ананы шартты түрде «білімсіз» деп қарастыруымызға болады.
Ата-аналар баланың кей әрекеті өз жасына лайық екенін ескермей жатады және мұны үлкен проблема деп есептейді. Оны шешу үшін өз ата-анасынан көрген жазалау моделіне сүйенуі мүмкін.
Ал екінші себебі ретінде біз ата-ананың эмоционал, психология тұрғысынан әлсіздігін айтамыз. Өкінішке қарай, кей адам өткен және келер шақпен өмір сүреді. Анасына, әкесіне немесе басқа да туыстарына бұрын қалып кеткен ренішін ойлайды, ал бұл адамның энергиясын алады. Одан кейін болашақта не болатынын ойлап, тағы уайымға салынатындар бар. Бұған да энергия кетеді. Осы екі шағына көп көңіл бөлген адамның бүгінгі өміріне энергиясы жетпейді, салдарынан баласының балалықпен істеген әрекетіне шыдамдылық, сабырлық таныта алмайды да, бірден ашуланады.
Әлсіздіктің тағы бар тұсы отбасы қарым-қатынасы кезінде де білінеді. Мысалы, күйеуі әйелімен, келін енесімен ұрысып қалып, жан дүниесі алай-дүлей болып жүрген кезде оған баласының болмашы әрекеті де жағымсыз көрініп, агрессияға берілуі мүмкін. Сондықтан әр ата-ана бала тәрбиесі туралы білім алуы, ізденуі қажет. Өкінішке қарай, біздің қоғамда бала тәрбиесіне қатысты оқу, іздену қалыптаспаған, ата-ана болуға дайындық процесі көп кездеспейді. Ал әлсіздік мәселесін ішкі жан дүниемізді байыту арқылы шеше аламыз. Осылайша, біз жазасыз тәрбиеге көшеміз деп ойлаймын.
Ересектерге баланы жазалау арқылы тәрбиелеу оңай болып көрінуі мүмкін. Себебі балаға позитив түрде тәрбие беру үшін онымен тыңдауыңыз, сөйлесуіңіз, пікірін ескеруіңіз қажет. Оған әртүрлі альтернатив нұсқа көрсетесіз. Бұған біраз уақыт, шыдам, энергия қажет. Ал «әйт» деп айғайлай салу — уақытты да, күш-жігерді де аса талап етпейтін әдіс. Сол себепті ата-ана тәрбие беру кезінде «Көздегенім не?» деген сауалға жауап беруге тиіс. Ересекке бір сәттік шешім, яғни сол уақытта баланың тыныштылғаны ғана керек болса, онда жазалау әдісі өз функциясын атқарады. Ал ата-ананың басты мақсаты баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы, өмірден өз орнын табуы болса, жаза арқылы тәрбиелеу тиімсіз. Өйткені сіз қабақ шытып, айғайлап, бар мәселені шешкеніңізбен, бала оның мәнін түсінбейді, сабақ алмайды. Сонымен бірге мұндай әдістен балада психологиялық травма пайда болуы ықтимал. Мұның бәрі айналып келгенде, баланың болашақ өміріне әсер етеді. Сол себепті сәбиінің келешегін ойлайтын ата-ана бұл әдісті таңдамайды деп есептеймін.
Бұрын семинар, тренингілер өткізгенімде адамдар кітап жазуға кеңес беретін. Бірақ мен кітабымның тақырыбы өзекті, ерекше болғанын қаладым. Сөйтіп көп ата-анамен сөйлесіп, олардың ойын білдім. Қоғамдағы мәселелерді талқылай келе, бір нәрсеге көзім жетті. Біздің қоғамда кездесетін проблеманың басым бөлігі жазалаудан туындайтынын түсіндім. Осылайша, 2018 жылы «Баланы жазасыз тәрбиелеу» тақырыбын таңдадым.
— Ересектер бала тәрбиесінде көбіне қандай жаза түрін қолданатынын байқадыңыз?
— Жазалау әдісін екі түрге бөлуге болады: физикалық және психологиялық. Физикалық тұрғыда жазалау — ересек адам өзінің физикалық күшін пайдаланып, кішкентай балаға дауыс көтеруі, ұрып-соғуы, қысым жасауы. Мұның жаза екенін кез келген ата-ана түсінеді деп ойлаймын.
Ал ата-ананың кейбірі психологиялық қысымның жаза екенін аңғармай жатады. Психологиялық қысымда ересектің балаға ешқандай қолы тимейді, ұрып-cоқпайды, аузынан артық ауыр сөз шықпайды, бірақ психология тұрғысынан қысым жасайды. Мысалы, ренжуі мүмкін. Ата-ана баласымен сөйлеспей немесе жүзіне қарамай қойып, оны өзіне бағындыруға тырысады. Осылайша, олар балаға «Ата-анамды тыңдамасам, олар менімен сөйлеспей қояды, тастап кетеді» деген ойды қалыптастыруы мүмкін. Бұл кішкентайларға жасалған қысым әрі жазалау түрі болып есептеледі.
Сонымен бірге көбі мән бермейтін жаза түрі — сыйлық беру. Әрине, кез келген адамға сыйлық жасау жақсы, дегенмен оны дұрыс қолданбаған жағдайда бұл да жаза категориясына кіруі әбден мүмкін. Мысалы, бір кластағы жиырма оқушының екеуіне сыйлық беріп, 18-не бермесеңіз, сіз қалған балаларды жазалаған болып шығасыз. Мұғалім екі баланы марапаттады дегенімізбен, ол қалған 18 балаға «Сендер оқымадыңдар, сондықтан сендерге сыйлық жоқ, ал мына екеуі оқыды, сол себепті оларға сыйлық береміз» деген ойды арқалауы мүмкін. Мұндай мақсатпен жасалған амал жазалауға жатады.
Бала тәрбиесіне қатысты сауатты әрекет ететін елдерде оның емтиханда алған бағасы өзге оқушының алдында айтылмайды. Ал бізде көбіне бала екі алса, бәрінің көзінше айтылады, кейін ол оқушы қызарып, құрдастарынан ұялады. Сонымен қатар басқа елдерде ата-аналар жиналысында да балалардың бағасы айтылмайды. Өкінішке қарай, біздің ата-аналардың жиналысқа барғысы келмеуінің бірден-бір себебі де — осы. Өйткені олар баласының нашар үлгерімі туралы сынды жұрт алдында естігісі келмейді. Бір қуантарлық жағдай — Қазақстанда да мұндай мәселелерді әр ата-анамен жеке талқылау әдісі қолға алынып келеді.
— Жазалау әдісінің балаларға әсері туралы айтып өтсеңіз. Оның қандай салдары болуы мүмкін?
— «Агрессиядан агрессия пайда болады» деген қағида бар. Балаңызды жазалап, әртүрлі қысым көрсетсеңіз, оның ішіне агрессия жиналады. Кейін бұл қандай да бір жолмен сыртқа шығатыны анық. Ол өзінің әлі жететін балаларға қысым көрсетіп, агрессиясын шығаруы мүмкін. Осыдан балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесі пайда болады.
Отбасылық жағдайда да күйеуі әйеліне немесе әйелі күйеуіне күнде ұрсып, дауыс көтере барсе, ішіне ашу-ыза толады. Олар бір-біріне айғайлай алмауы мүмкін, бірақ бүкіл негативін балаларына көрсетуі әбден ықтимал. Осылайша, отбасылық кикілжің пайда болып жатады.
Екіншісі — баланың сенімсіз, жасық, ынжық болуы. Ересек адам баланы күшпен басқан кезде, ол «күштің алдында бас ию» деген нәрсені үйренеді. Мұның кесірінен бала өзіне сенімсіз әрі жағымпаз болады. Сонымен бірге баланың қатесін бетіне баса берген кезде де жасықтау болып өседі. Кейін ол өз ойын айта алмай қалады.
Үшіншісі — бала да жазалауды үйренуі. Өкінішке қарай, ата-аналар кезінде өз әке-шешесінен жаза көрген соң мұны қалыпты деп қабылдайды.
Төртіншісі — баланың өтірік айтады. Қысым бар жерде балада қорқыныш сезімі болады. Олар мұндай кезде жағдайдан тезірек шығу үшін өтірік айтуды әдетке айналдыруы мүмкін.
Бесіншісі — екіжүзділік. Мысалы, біз баламызға «болмайды» деп шоколад жегізбейміз, бірақ бала оны қалап тұр. Ол әке-шешесінен қорыққан соң ғана тәтті жемейді. Тіпті кей кезде бала анасына «Анашым, шоколад зиян ғой, иә? жеуге болмайды» деп айтады да, бірақ іштей қалап тұрады. Кейін ол ақырын анасына байқатпай бір шоколадты алып, тығылып жеп алады. Осылайша, баланың сөзі мен ішкі қалауы қарама-қайшы сипатқа ие болады. Міне, осындай ұсақ нәрселерден адамда екіжүзділік қалыптасады.
Баланы жазалау басқа да проблемаларға себеп болуы мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын ізде» демекші, осындай проблема болмас үшін әр ата-ана баласымен дұрыс қарым-қатынас орнатқаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, дені сау баланы өсіру травмасы көп ересекті емдеуге қарағанда оңай екенін ескеруіміз керек.
— Бала шекарасын аттамау мен оны тәрбиелеудің аражігін қалай ажыратуға болады?
— Баланың жеке шекарасы — тәрбиенің бір бөлімі. Кез келген ересек баланың жеке шекарасын құрметтеуі керек. Жеке мүлкіне рұқсатсыз қол сұқпауы, ойыншығын рұқсатсыз тастамауы, басқа балаға бермеуі, жазып жүрген жазуын, бояп жүрген суретін оған ескертпестен тастамауы қажет. Жеке шекарасы құрмметтелген бала басқаның да шекарасын сыйлайды. Ал бала «менікі» дегенді түсінбесе, «оныкі» дегенді де ескермейді. Сол себепті бұл нәрсе — балаға берілетін тәрбиенің бір бөлігі.