Биыл жобаның басталғанына сегіз жыл болған. Қазір Қазақстанның 15 қаласында 200-ге жуық жасөспірімнің тәлімгер-досы бар.

Самал мен Надя алғаш танысқанда Самал 29-да, ал Надя 14 жаста болыпты. Олар демалыс күндері ғана емес, қолы тиген кез келген уақытта кездесіп, уақытты бірге өткізеді. Самал қазір докторантурада оқиды және университетте сабақ береді.

Самал мен Надя. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ол студент кезінен балалар үйіне жиі барып тұрады. Самалға «Тәлімгерлер» жобасының концепциясы бірден ұнаған. Өтініш берген соң іріктеуден өтуге жарты жылдай уақыт кеткен, ал Надямен достасқанына бір жыл болыпты.

Жоба туралы Instagram-нан білдім. Өтініш тастап, онлайн мектепке қатыстым. Өйткені пандемияға байланысты карантин шектеулері болды. Сертификат алған соң тағы бірнеше кездесуге, тренингіге қатыстым. Осыдан кейін ғана Надяны таптым. Ол қазір менің сіңліме, құрбыма, сырласыма және жай ғана жақыныма айналды, — дейді ол.

Самал, тәлімгер
Самал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Надя да «супер тәлімгерін» ұзақ күтіпті. Жоба ұйымдастырушылары үнемі «Саған тәлімгер іздеп жатырмыз» деп үміттендіріп қойып жүреді екен, соңында Самалмен таныстырыпты.

Надя. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Самал мен Надя
Самал мен Надя. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Көп күткен шыдамдылығыма осындай күшті адам жолыққан шығар деп ойладым. Қатты қуандым, — дейді Надя.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Самал мен Надя демалыс күндері қыдырып, көңіл көтеріп қана қоймайды. Олар автодромға бірге барып, көлік жүргізуді де үйренген.

Білетін нәрсеңді басқаға үйретіп, өзгеден өзіңде жоқ нәрсені үйрену – үлкен тәжірибе. Надя — өте ерекше қыз, жаңа нәрсені байқап көруден қорықпайды. Қолынан көп нәрсе келеді. Ақкөңіл, үнемі көңілді жүреді, өте тәртіпті. Кейде бұзықтық жасап қойсақ, «Самал, олай істеуге болмайды, бұл жерден өткеніміз дұрыс емес» деп ескертіп отырады. Жол жүру ережесін қатаң сақтайды. Оны әлемдегі барлық нәрсе қызықтырады. Көшеде серуендегенде «Адамдар неге қоқыс тастайды», «Осының кесірінен киттер де зардап шегіп жатыр» деп күйініп жүреді, — дейді Самал.

Надя. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Надяға да тәлімгерінің мінезі, бойындағы қасиеттің бәрі ұнайды екен. Бір жылдың ішінде Самалдың мұңайғанын ешқашан көрмедім дейді.

Ол ешқашан мұңаймайды, күн сияқты адам. Үнемі күліп жүреді. Самалмен кез келген тақырыпта еркін сөйлесуге болады. Кейде құрбыларыма айта алмайтын сырды оған айтамын. Ешқашан әрекетімді сынамайды. Өмірден мысал келтіріп, көп нәрсені түсіндіріп береді, — дейді Надя.

Самал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Самал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жобаның талабы бойынша тәлімгер мен жасөспірім екі жыл бойы кездесіп, хабарласып тұруы керек екен. Самал мен Надя мұнан кейін де қатынасын үзбей, өмір бойы дос болып қалғысы келеді.

Надя бұрын тауға шыққанды ұнатпайтын, алғашында қинап көндірдім. Кейін өзі-ақ «Тауға барайықшы» деп тұратын болды. Сурет салу бойынша мастер-класқа қатыстық. Қазір Дейл Карнегидің кітаптарын оқып, әр кездескенде талқылаймыз. Надя болашақта сән индустриясында жұмыс істегісі келеді. Келесі жылы 9-класты бітіреді, косметолог мамандығына құжат тапсыруды ойлап отыр, — дейді Самал.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Надя сонымен бірге маникюр жасауды үйреніп алғысы келеді. Өйткені мұны қосымша кәсіп ретінде алып жүру ойында бар. Мұндай идеяны оған тәлімгері Самал ұсыныпты.

18 жасқа толғанша біраз ақша жинауым керек, себебі Самал екеуіміздің күшті бір жоспарымыз бар, — дейді Надя.

Қазір екеуі Түркия сапарын ойластырып жүр. Өйткені Надя 18 жасын сонда қарсы алғысы келеді. Стамбұлда таңғы ас ішіп, шағалаларға тамақ беруді армандайды. Бұл үшін Надя оқуын жақсы аяқтап, қосымша жұмыс істеуі керек, ал Самал докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығуға тиіс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жоба жетекшісі Гүлжадыра Бекенованың айтуынша, кез келген адам тәлімгер бола алмайды. Өйткені тәлімгерлер қатаң әрі ұзақ іріктеуден өтеді.

Балалар үйінің тәрбиеленушіcі ересек адамды өзіне бірден жақын тартпайды. «Мені жақсы көрмейді», «Қабылдай алмайды», «Ұнамай қалсам, тастап кетеді» деген күдік, сенімсіздік көп. Сондықтан тәлімгерлерге қойылатын талап та қатаң, — дейді ол.

Соған қарамастан, Қазақстанда тәлімгер болуға өтініш қалдыратындар көп екен. Нұр-Сұлтанның өзінде бүгінге дейін екі мыңға жуық адамнан өтініш түскен, оның 65-і ғана іріктеуден өткен. Ал Қазақстан бойынша сегіз жылда 200 адам тәлімгер атаныпты.

Сегіз жылдық тәжірибемізде үміткерлердің тек 5%-і іріктеудің соңғы кезеңіне дейін жеткен, — деген дерек келтірді Гүлжадыра Бекенова.

Жыл сайын үміткерлер қатары бірлі-жарым адаммен толығады. Балалар үйінің 11 жастан асқан кез келген тәрбиеленушісі тәлімгер табуға өтініш бере алады. Олардың арасында қандай да бір іріктеу жоқ.

Тәлімгер болуға үміткер бірнеше кезеңнен өтеді. Алғашқы кезеңде өтініш толтырады. Онда өзі туралы жеке мәліметтер келтіреді және «Не үшін тәлімгер болғысы келеді», «Балаға қандай көмек бере алады», «Бұрын-соңды балалармен жұмыс істеп көрген бе», «Жобадан не күтеді?» деген сұрақтарға жауап береді.

бала, дос
Фото: «Дара» қайырымдылық қоры

Үміткер осыдан кейін психологиялық тест тапсырады. Әрі қарай тәлімгерлер мектебіне жолдама алады.

Мектепте жасөспірімнің және балалар үйіндегі тәрбиеленушінің ерекше тұстары және жобаның мақсаты мен жоспары туралы ақпарат айтылады. Курсты толығымен аяқтаған үміткерге сертификат беріледі.

Іріктеу мұнымен бітпейді, курсты аяқтағаннан кейін сұхбатқа шақырылады. Бұл кезеңде үміткер тәлімгер болуға қаншалықты дайын екені және мотивациясы анықталады. Сұхбаттасуды жоба үйлестірушісі мен психологтар өткізеді.

Сұхбаттасудан сәтті өткен үміткер біркүндік офлайн тренингіге жолдама алады. Тренингідегі топтық сабақта балалар психологиясы, олармен қарым-қатынас орнатуды ерекшелігі мен тәлімгерлер қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін екені тағы талқыланады. Тәжірибесі бар тәлімгерлер келіп, өз оқиғасын баяндап береді.

Әуелі тәлімгер бізді таңдайды, яғни тәлімгер болуға өтініш білдіреді. Одан кейін біз оны таңдаймыз. Кейін ол біздің жобамен жұмыс істеуге шынымен дайын ба, тағы ойланады. Соңғы шешімді өзі қабылдайды. Себебі жобаның басты талабы – баламен ұзақмерзімді қарым-қатынас құруға дайын болуы керек, — дейді жоба жетекшісі.

тәлімгер, дос
Фото: «Дара» қайырымдылық қоры

Психологтар бала мен тәлімгерлерді зерттеп, бір-бірімен тіл табысып кетеді-ау дегендерін жұптастырады. Тәлімгерге баланы бағалаусыз қабылдай білу талап етіледі.

Адам мінсіз емес, сол сияқты жасөспірімнің де түрлі мінезі болуы мүмкін. Тәлімгер мұндайда толеранттық танытып, кез келген жағдайға ыңғайланып, шешім қабылдай білуі керек, — дейді Гүлжадыра Бекенова.

Ал тәлімгердің отбасы, баласы, жұмысы болуы жобаға қатысуына кедергі болмайды, бірақ іріктеу кезінде мүмкіндігі, балаға бөлетін уақыты мен назары есепке алынады. Басты талап — тәлімгер 25 жасқа толуы керек.

Гүлжадыра Бекенованың айтуынша, былтырдан бастап тәлімгерге қойылатын талапқа біраз өзгерту енгізіліпті. Қазір екі жасқа дейінгі сәбиі бар ата-аналар тәлімгер бола алмайды. Себебі кішкентай сәбиі бар ата-ана өз баласына көбірек көңіл бөлуі керек.

велосипед, серуен
Фото: «Дара» қайырымдылық қоры

Тәлімгер демалыс күндері аптасына бір күн сағат 11.00-18.00 аралығында балаға уақытын арнауға міндеттеледі. Осылайша баламен кемінде екі жыл қарым-қатынаста болуы керек.

Баламен танысудың, қарым-қатынас құрудың алғашқы кезеңі өте маңызды. Осы кезде тәлімгер баланың сеніміне ие бола алмаса, кейін қатынастың берік бола түсуі қиын. Балалар үйінің тәрбиеленушісі ересектерге көп сене бермеуі мүмкін. Сондықтан тәлімгердің балаға оны тастап кетпейтінін, кемінде екі жыл дос болуға дайын екенін түсіндіре алуы маңызды, — дейді жоба жетекшісі.

Тәлімгердің көпшілігінен «Жасөспірімге не бере аласыз?» деп сұрағанда «Оның оқуға түсуіне, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беремін» деп жауап береді екен. Баламен бірге уақыт өткізген соң маңыздысы мамандық қана емес, қарым-қатынас екенін түсінеді.

кітап, дос, тәлімгер
Фото: «Дара» қайырымдылық қоры

Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін көп нәрсені басқа адамдар істейді. Тамақ дайындау, үй шаруасы, қоғамдық көлікпен қатынау, банк картасын қолдану, азық-түлік сатып алу, коммуналдық төлемдер жасау сияқты қарапайым нәрселер оларға таңсық болуы мүмкін. Сондықтан балалар үйінің түлегі ересек болғанда кездесетін көп жұмысты, мәселені өз бетінше шешуге қиналып жатады. Балалар үйінің тәрбиеленушісімен достасу ересектерге де пайдалы. Себебі олар жасөспіріммен қарым-қатынас жасау арқылы басқа баламен байланыс орнатуды үйренеді, — дейді Гүлжадыра Бекенова.

Балалар үйінде 11 жастан асқан жасөспірімді асырап алатындар сирек екен. Оларға ата-ана емес, дос, сырлас, кеңесші қажет көрінеді. Алайда жоба аясында 20-ға жуық жасөспірімді тәлімгері асырап алыпты.

Бала асырап алғысы келетін адам арнайы мектептен өтуі керек. Ниет білдірген адамға бірден бала тауып беру қиын. Ал тәлімгер болып, баланы танып болғаннан кейін «Асырап аламын» деген шешім қабылдаса, бұл шешімге саналы түрде келгені анық, — дейді Гүлжадыра Бекенова.

Дәл қазір Қазақстан бойынша 600-ден астам жасөспірім тәлімгер іздейді. Ал сіз балалар үйінен дос табуға қалай қарайсыз?