Салыстыру үшін: жасанды интеллектімен жабдықталған сенсорлы робот 1 сағатта 3 мың қызанақты сұрыптай алады. Адам дәл сол уақытта небәрі 300 қызанақты сұрыптауы мүмкін. Оның үстіне, адамның жұмысы барған сайын баяулай береді.
Қазақстанның мұнай-газ, металлургия саласы әдетте халықаралық тәжірибеге мейлінше интеграцияда болғандықтан, бұл саланы әуеліден цифрланған деуге болады. Мысалы, Honeywell мұнай кешендерін басқару жүйесі, мұнайдың жерден шығуынан бастап, терминалға құйылғанына дейін қадағалайды. Сондықтан әлемдік стандартқа айналған цифрланған жүйелерге килігудің қажеті шамалы.
Қазақстандағы цифрландыру орасан зор пайда әкелетін сала – ауылшаруашылық экономикасы екені бағдарлама қабылданған кезде түсінікті болған және мәселе тек еңбек өнімділігіне байланысты болған жоқ. Саланы зерттеудің нәтижесінде ауылшаруашылық саласындағы ғылыми жетістіктер туралы мәліметтердің жүйесіздігі, жер алудың шырғалаң екені, білікті мамандардың жоқтығы; техниканы, тұқым мен пестицидтерді тиімсіз пайдалану, космомонитринг пен агрохимиялық сараптаманың болмауы, ветеринария мен фитосанитарияның әлсіздігі сияқты кешенді проблемалар анықталды. Қазақстан аграрлық ел болғанымен, агроөнеркәсіп ЖІӨ-нің небәрі 5-10% болатыны осы себептерден болып шықты.
Ең алдымен фермерге «ауылдағы қарапайым шаруа» деген көзқарасты жою керек болды. Фермер енді – жан-жақты менеджер. Сондықтан қазақ агротехникалық университетінің тәжірибе алаңдарында жерді дәл өңдеу полигондары ашылып, 200 фермерді оқыту жоспарланды, нәтижесінде 411 фермер оқытылды.
Егіс алқабының электрон картасын толтыру да заманауи фермерге қажет білік. Өз жерінің нақты шекарасы мен сипатын білу – несие рәсімдеуден бастап, даулы мәселе туа қалған жағдайға дейін керек. Сондықтан электрон карта жасау курсы ұйымдастырылып, барлығы 66 мыңнан астам фермер дайындықтан өтті. Жалпы фермерлердің білігін арттыру — мемлекеттік электрон қызметтерді пайдалану, егіс алқабының электрон картасын өз бетінше жасау, цифрлы технологиялармен жұмыс және кооперативтерді малды ені бойынша идентификациялау сияқты төрт бағытта жүргізілді.
Фермердің білігін арттырумен қоса, фермалардың өзін де заманауи жабдықтау мәселесі қамтылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаннан кейін 23 цифрлық ферма мен 171 жетілдірілген ферма жасақталды. Бұл шаруашылықтарға егін орағын бастайтын оңтайлы мезгілді болжауға, оңтайлы суаруға, минерал тыңайтқыштармен тыңайтудың интеллектуал жүйесін енгізуге, арамшөппен және зиянкестермен жүйелі түрде күресуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге бұрын фермер 75 гектар жерге толайым тек бір сараптама жасайтын. Ал смарт-фермаларда әр гектарға сараптама жасалады. Бұл тыңайтқыштарды ұтымды жұмсаудан бастап, болашақ түсімді дәлірек болжауға мүмкіндік береді. Смарт-жүйемен пилоттық режимде 9 ферма жабдықталған.
Қазақстан – табиғи өскен органикалық өнім беру әлеуеті зор мемлекет. Осы күні Батыс, әсіресе Еуропа елдерінде табиғи таза өнімнің қандай деңгейде уағыздалатынын біз интернеттен күнде көріп жүрміз. Ауылшаруашылықты цифрландыруда бірден көшбасшыға айналған Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарындағы фермаларға осындай органикалық өнім беру бағыты берілген еді. Бұл өңірлердегі кейбір фермалар өз алқаптарын бірден органикалық өнім өсіруге сертификация жасап алды. Ал технологияның мүлтіксіз орындалуын тура Еуропадан ғалымдар қашықтан бақылап отырады. Бұл болашақта ферма өнімдерін Еуроодаққа, АҚШ пен Канадаға экспорттауға мүмкіндік береді. Ал 20 мың гектарға жуық жер — небәрі 20 адамның қадалғалуында: бұл жабдықтарды жаңартудың нәтижесінде мүмкін болды.
Ауылшаруашылық экономикасын цифрландырудың бір ерекшелігі – дәл Қазақстан сияқты тәуекелі жоғары шаруашылық жағдайында экономикалық нәтижесі тез арада көрінеді. Қазақстан дәстүрлі түрде астықтың қатты және жұмсақ сорттарын егіп келген. Қысқы мәдени дақылдар жоқ. Егін салудан оруға дейінгі кезең салыстырмалы түрде тым қысқа, оған қоса, ауа райы үнемі ыңғайлы бола бермейді. Егінмен дәстүрлі айналысатын оңтүстік пен солтүстік аудандардың ауылшаруашылық құрылымы мүлдем ұқсамайды. Оңтүстік аудандарға әдетте 5 гектарлық шаруашылықтар тән болса, солтүстік аудандарда бірнеше мың гектарға дейінгі жер телімі таңсық емес. Алайда халық тығыздығының әркелкі болуы, ауа райы, егетін егін түрлерінің ұқсамауы қандай да бір ортақ стратегия жасауға мүмкіндік бермейді.
Бұған қоса, логистикалық ерекшелікті де ескеру керек. Бірнеше шақырымдық жолсыз, теміржол немесе республикалық көлік жолдарына шығатын нүктелердің мардымсыздығы өнімнің бағасына салмақ сала береді. Цифрландырудың қолайлы тұсы – әр шаруашылықтың жерінің түсімінен бастап, оның айналасындағы инфрақұрылымды ескере отырып жекелеген жоспар жасау мүмкіндігі. Айталық, цифрлық мәліметтер бойынша BigData сараптама жасалып, болашақ түсім нақты айқындалып, әрі өнімнің сол кездегі нарықтық бағасы да белгілі болса, бұл фермерге несие алудан бастап, келесі егін маусымын жоспарлауға дейін мүмкіндік береді. Мұндай жүйе ірі мегаполистердің айналасында азық-түлік белдеуін жасақтап, баға тұрақтандыру қорларын құрып жүрген үкіметке де тиімді болары сөзсіз.