Бекзат Жұмабекова жазғы лагерьге Өзбекстаннан келген. Ол Қазақстанда өтетін жазғы лагерь туралы «Отандастар» қорының Insatagram-парақшасынан біліп, өтініш қалдырыпты.
«Бұған дейін қор ұйымдастырған түрлі байқауға белсенді қатыстым. Алты рет жүлдегер атандым. Жазғы лагерьге жолдаманы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған байқауда жеңіп алдым», — дейді ол.
Бекзат бұған дейін Қазақстанда болмаған. Лагерьдің арқасында тарихи Отанына алғаш рет келді және өзі бұған мәз. Оған Қазақстанның табиғаты ерекше әсер сыйлапты.
«Өзіме Қазақстанның табиғаты ұнады. Әуелі Нұр-Сұлтандағы әуежайға келдік. Мұндағы адамдар сондай ақкөңіл, қонақжай екен. Бізді әуежайдан күтіп алып, Бурабайдағы IQanat-қа апарып орналастырды. 12 күннің ішінде көп дос таптым, фотоға түстім. Үйге барғанда ініме Қазақстанның сұлу табиғатын, осында түскен фотоларымды көрсетемін», — дейді ол.
Бекзаттың отбасы Өзбекстанның Навои облысындағы Үшқұдық ауданында тұрады. Әжесі, әкесі мен анасы және інісі бар. Алматыда, Қарағандыда, Рудныйда туыстары тұрады екен.
Бекзат қазір Үшқұдықтағы 9-мектепте қазақ класында оқиды. Биыл 11-класқа көшкен. Мектепті жақсы аяқтап, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алғысы келеді.
«Біз тұратын Үшқұдық — қазақтардың ауылы. Үйде қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Күнделікті өмірде қазақша сөйлесеміз. Үйдің үлкені болған соң ата-анам маған көп сенім артады. Шешім қабылдауда еркіндік береді. Қайда оқысам да, қолдау білдіреді. Қазақстандағы университетке оқуға түскім келеді. Себебі қазақстандағы жоғары оқу орындарының рейтингі жоғары, — дейді ол.
Бекзат әзірше қай мамандықты таңдайтынын шешпеген. Өйткені арманы көп. Бос уақытында сурет салады, ән айтады. Бірде дизайнер, енді бірде әнші болғысы келеді. Бұған қоса, қазақ тілі мен әдебиетін де сүйіп оқиды.
Бекзат оқитын мектепте оқушылардың барлығы дерлік қазақ екен. Ол Өзбекстан мен Қазақстан көрші әрі бауыр мемлекет болғандықтан, екі елдің салт-дәстүрін бір-біріне ұқсатады және өзбек достарымен де жақсы тіл табысады. Бекзат Қазақстанға келгенде халықтардың бірлігін сипаттайтын сурет салыпты.
Бекзат салған сурет. Фото Бекзаттың жеке архивінен
Бекзатқа ұйымдастырушылар жасаған бағдарлама қатты ұнапты. 12 күнде атқа мініп, ән айтып, шығармашылық кеш те өткізіпті.
«Бір өкініштісі — лагерь қатысушыларының бәрі бірдей қазақша білмейді екен. Қазақша түсінетін балалармен барынша қазақша сөйлесуге тырыстық. Кей балалармен орысша, ағылшынша сөйлесуге тура келді, бірақ бір-бірімізді жақсы түсіне алдық», — дейді Бекзат.
Қазір лагерь жұмысы аяқталып, қатысушылар еліне оралған, бірақ балалар әлі күнге дейін ортақ чатта хат алмасып тұрады.
«Лагерьде тапқан достарыммен қайта кездесеміз бе, кездеспейміз бе, білмеймін. Барлығы менің бауырым екенін ғана білемін. Әлемнің қай бұрышында жүрсек те, сол мемлекетте «Менің бір қазақ бауырым бар» деп ойлап жүреміз», — дейді Бекзат.
Шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған жазғы лагерьді «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен IQanat қоры ұйымдастырды. Лагерь Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье көлінің жағалауында орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде өтті.
Дәл осындай 150 балаға арналған лагерь 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен. 2020 және 2021 жылдары коронавирус пандемиясына байланысты лагерь жұмысы тоқтап қалған. Биыл Франциядан, Түркиядан, Ираннан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден 84 қандас келді. «Отандастар» қоры қатысушылардың келіп-кету және басқа да шығынын өтеген.
Шетелдегі қазақ балалары лагерьге конкурс негізінде алынады. Қатысушыларды қалай іріктейтінін «Отандастар» қоры шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің консультанты Әлжан Шәріпов айтып берді.
«Отандастар» қоры — ҚР сыртқы істер министрлігінің ведомстволық ұйымы. Сондықтан жазғы лагерь қатысушыларын іріктеуде Қазақстанның дипломатиялық миссия өкілдерімен, шетелдегі елшілік, консулдықтармен бірлесіп жұмыс істедік. Лагерьге 12-17 жас аралығындағы ҚР азаматтығын алмаған, бұған дейін біздің қор ұйымдастырған лагерьге қатыспаған, белсенді, білімді, талантты балалар қабылданды», — дейді Әлжан Шәріпов.
Ұйымдастыру комитеті сегіз мемлекеттен келген қатысушыларды іріктеуге 1,5 ай уақыт жұмсаған. Олар әр елден келген қатысушының ата-анасымен жеке байланысып, ақпарат беріпті.
«Лагерь өтетін орын ретінде IQanat мектебін таңдадық. Бұл мектеп заманауи технологиялармен жабдықталған. Балалар лагерьде күнделікті қазақ және ағылшын тілдерін үйренді. Балалар атқа мініп, киіз үй құрып, садақ атып, домбырада ойнап, тоқыма тоқып, ағаштан бұйымдар жасап көрді», — дейді Әлжан Шәріпов.
Қазақстанға демалуға келген қандастар бұған қоса, қаржы сауатын, мобилографияны, маркетингті меңгеріп, STEM форматындағы физика, химия, математика пәндерін де оқыған.
Назарларыңызға лагерь қатысушыларының пікірін ұсынамыз.