Қазіргі уақытта республика бойынша вакциналау және ревакциналау жұмысы жалғасып жатыр. Қазақстанда вакцинаның үш түрі қолжетімді, олар – QazVac, Sinopharm және Pfizer. Ревакциналау үшін – QazVac және Sinopharm бар, — деді Роза Қожапова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, екпе егу пунктілерінде 1 миллион 600 мың вакцина дозасы бар.
Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинамен ересек тұрғындардың 80% астамы немесе барлық халықтың 56% астамы қамтылған. Республика бойынша коронавирус инфекциясына қарсы бастапқы ревакциналаумен қамту тиісті халықтың 68% астамын (4,9 миллион адам) құрады. Орта есеппен тәулігіне 10 мыңнан астам адам екпе салдырады, — деді Роза Қожапова.
Басқарма басшысы мамыр айының соңынан бастап елде ревакциналау енгізілгенін еске салды. Бүгінде тиісті халықтың 55% ревакцина жасатқан.