Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш алматылық 640 мың теңге сыйақы алды

Сыбайлас жемқорлық фактісін немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен азаматтарға ынталандыру сыйлығы беріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаментінің мәліметінше, азаматтардың 1424 сall-орталығына сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім арттыруда ерекше рөл ойнайды.

1424 саll-орталықтың операторлары тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларға және бизнеске жасалған қысымға жауап береді, шағымдарды, пікірлерді қабылдайды, консультациялық көмек көрсетеді,- деп хабарлады ведомствода.

Ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш алматылық 640 мың теңге сыйақы алды.

Азаматтарды көтермелеу ақпараттың шынайылығы, сонымен бірге заңды күшіне енген сот үкімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.

Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен (3 миллион 063 мың теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлама, сыйақы 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды.

Көрсетілген сомадан артық – сыйақы 10% құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (12 миллион 252 мың теңге), — делінген хабарламада.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз