Басты бетЖаңалықтарБас прокуратура:...

Бас прокуратура: Қазақстанда жердің жасанды тапшылығы бар

Ақпаратқа сәйкес, жайылымдық учаскелерді ұтымды пайдалану және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Тек кейінгі 3 жылдың ішінде прокурорлар 18 миллион гектар бос және 3 миллион гектар заңсыз берілген жайылымдарды анықтады, олардың 5 миллион гектары мемлекетке қайтарылып, 4 миллион гектары айналымға тартылды.

Жұмыс нәтижелері учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар жердің жасанды тапшылығын тудыратынын көрсетті. Осы себепті адал фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылады, бұл уақыт өте келе олардың тозуына алып келеді. Бүгінде елімізде шамамен 15 миллион гектар қоғамдық жайылымдар жетіспейтіні анықталды, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы проблемасын тудырады,- делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәліметінше, қалыптасқан жағдайды реттеу үшін биыл ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мемлекетке қосымша 5 миллион гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.

Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді жеке адамдарға беруге жол бермеуге мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар онда жайылымдарды беру кезіндегі заңбұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды адам, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауапқа тартылды.