Шымкентте ДВК/Көше экстремистік ұйымының жақтаушылары сотталды

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстанда тыйым салынған «ДВК/Көше» экстремистік ұйымының жақтаушылары қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан.

Шымкентте сот үкімімен осы ұйымның үш жақтаушысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырып қана қоймай, қалалық әкімдік ғимаратына шабуыл жасап, қиратып, мемлекеттік мүлікке зақым келтірген, — деді Елдос Қилымжанов.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша 545 адам сотталды, оның ішінде 83-і бас бостандығынан айырылды.