Ақшаны тез жинаудың 3 тәсілі
- Ақшаны жинақтау үшін алдымен барлық шығындарды есептеп алу керек. Не нәрсеге ақшаңызды үнемдеп, қандай шығындарды еріксіз шығаратындығыңызды анықтап, ЖАЗЫП қойыңыз. Сізде екі тізім болуы керек: негізгі (оларға көндігесіз) және аса маңызды емес шығындар (барынша үнемдеуге тырысасыз)
- Ең бастысы ақшаны жүйелі түрде бөліп қойып отыру керек. Еш қиындықсыз табысыңыздың 10-15%-ын қорға бөлуге болады. Егер ақшаны тез жинау керек болса, табысыңыздың 30%-ын жинағыңызға салыңыз. Ал егер мұндай көлемге шамаңыз келмесе, қосымша табыс көзін іздегеніңіз жөн.
- Қандай жағдай болмасын жинақтап жүрген ақшаңызға тиіспеңіз! Оны ашылуы өте қиын сандықшаға (копилка) салуға немесе сенімді жақыныңызға «маған осы күнге дейін берме» деп табыстауға болады.
Есіңізде сақтаңыз, сіз ұсақ, өзіңізге аса қажет емес заттарға шығын шығармай үнемдесеңіз, армандаған затыңызға қол жеткізе аласыз. Бүгін өз-өзіңізді тыйғаныңызбен, ертең жемісін көретіндігіңізді әрдайым еске алып жүріңіз.
Шығындарды қалай бақылау керек?
Әр адамға сай келетін біз ұсынған тізім:
- Жинақтау қорына тым болмағанда ең төменгі мөлшерді, табысыңыздың 10%-ын, қарастырыңыз. Бұл сомада ақша БІРДЕН тиісті орнына жіберілуі керек.
- Пәтерақы, телефон, Интернетке кететін шығын. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да бұл — төлеуіңіз қажет шығындар. Айлық түскенде, бірден осы қажеттіліктерге ақша бөліп қойыңыз.
- Ас-ауқатқа жұмсалатын шығын. Бұл да бірден есептелуі қажет. Әр күн сайын тамаққа шығарған шығынды жазып отырыңыз. Мейлінше, пайдалы әрі көлемі тым артық емес тағамдар алуға тырысыңыз. Түскі асты жұмысыңызға үйден алып келсеңіз, тіптен керемет. Себебі шығынның басты көзінің бірі — аста. Үйде дайындалған тамақ әлдеқайда арзан әрі үнемді болады.
- Киімдерге шығарылатын шығын. Гардеробыңызға қарап, тізім жасауға қысылмаңыз. Сатып алынуы керек қажетті киім, оның орташа бағасы және қанша уақытқа киілетіндігін жазып қойыңыз. Бұл тізім бір жылға жазылуы керек.
- Тұрмыстық заттарға арналған шығын. Күнделікті сабын, жуатын ұнтақ, тіс пастасы және т.б. — еріксіз қалтаңыздан белгілі сомада ақша бөлуді талап ететін шығын түрі. Оларды да есептеуді естен шығармаңыз.
- Жол, көлік қозғалысына кететін шығын. Көлікті сақтандыруға, жөндеуге кететін шығындарды алдын ала есептеп, бөліп қойған тиімді. Сондай-ақ бір айға шығатын шығынды жазып қойыңыз.
- Демалыс пен көңіл көтеруге арналған шығындар. Ақшаны тезірек жинау керек болса да, көңіл көтеруден түбегейлі бас тартпаңыз! Бұл күйзеліске алып келуі мүмкін. Сондай-ақ сіздің ақша жинауға деген мотивацияңызды солдыртып тастауы да ғажап емес. Жеткілікті түрде шығын шығаруға қорықпаңыз.
-
Білім алуға жұмсалатын шығын. Әрдайым кәсіби жетіліп отыру үшін білім қажет. Оның болашаққа құйған инвестицияңыз екенін естен шығармаңыз. Пайдасы міндетті түрде қайтып келеді. Сол себепті білім алуға арнайы шығын шығаруға жүрексінбеңіз
-
Күтпеген, жоспарда жоқ шығындар. Әрдайым күтпеген, тосын жағдайларға арнап аз көлемде, шамамен табысыңыздың 3-5%-ын, міндетті түрде бөліп қоюды да естен шығармаңыз.
Үнемдеуге арналған қандай мобильді қосымшалар бар?
Егер ақшаны тез жинақтауды қаласаңыз, не нәрсеге қатысты үнемдеу керек екендігін анықтау қажет. Мысалы, киімдерді жаңарту мен демалу, қыдыруға кететін шығындарды азайту керек. Жоғарыда келтірілген шығындар тізімімен талдау жасауға болады. Тағы бір тиімді тәсілдердің бірі арнайы бағдарламаларды смартфоныңызға немесе компьютеріңізге орнатып алуға болады. Мысалы, қарапайым «Домашняя бухгалтерия» деген бағдарлама бар. Ол сізге ақшаңызды қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқандығын түсінуге көмектесетін құрал. Сілтемесі мына жерде.
Өте тиімді қосымшалардың бірі — «Тяжеловато». Бұл құрал арқылы сіз күнделікті қанша шығын шығарғаныңызды бақылаумен қатар, қосымшаның арнайы ескертпелерін де алып отырасыз. Ол сізге қажет емес заттарды сатып алмауға кеңес беріп отырады. Сілтемесі мына жерде.
Интернет-дүкенде осыған қатысты көптеген пайдалы құралдар бар. Өзіңізге қолайлысын таңдап, орнатып алуға ерінбеңіз. Мақаланы оқығаннан кейін бірден іске кіріссеңіз де болады.
Егер жинақтауға табысыңыз жетпесе, не істеуге болады?
Мұндай жағдайда қосымша табыс көзін іздеу керек. Интернетте фрилансерлерге іздеу салған хабарландырулар аз емес: дизайнерлер, копирайтерлер, контент-менеджер, SMM-мамандар, аудармашылар, репетиторлар, фотогафтарды іздеушілер көл көсір.
Қалай фрилансер болуға болады деген сауал қызықтырса, «Стань фрилансером» деген кітапқа алдымен көз жүгіртіп, пайдалы екендігін байқап жатсаңыз, оқып шығуға кеңес береміз. Кітапты жүктеу тегін. Сілтемесі мына жерде.
Ал сіздің ақша жинаудағы тиімді тәсіліңіз қандай?