Антикор ұлттық музей ісі туралы: Мемлекетке 1,2 миллиард теңге залал келтірді

Нұр-Cұлтан бойынша cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде  ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 миллиард теңге төледі. Сонымен қатар жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нақты құны 83,4 миллион теңге болғаны анықталды, — делінген 

Осылайша, жұмыс құны 1,2 миллиард теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Ал ұлттық музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай 2017-2018 жылдары Арыстанбек Мұхамедиұлының музей директоры болмағанын, сол себепті жалған ақпарат таратпауға үндеді.

Достар, Арыстанбек Мұхамедиұлына байланысты әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ өкілдерінде тарап жатқан ақпарат жалған екендігін мәлімдеймін. Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017-2018 жж. Музейдің директоры болған жоқ. Сонымен қатар, шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат таратпауға шақырамын, — деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.