Басты бетЖаңалықтарҰлттық банк:...

Ұлттық банк: Теңге бағамының әлсіреуі қалыпты жағдай

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, тіркелген бағам саясаты қысқа мерзімді тұрақтылық елесін қалыптастырады.

Оны ұзақ уақыт бойы жасанды жолмен ұстап тұру алтынвалюта резервтерін жұмсау есебінен ғана мүмкін. Нәтижесінде бұл ұлттық валюта бағамын девальвациялау қажеттілігіне алып келеді, — деді ұлттық банк өкілі.

Теңгенің еркін өзгермелі бағамы сыртқы ортаның өзгерістеріне бірден ден қоюға мүмкіндік береді.

Бұл экономикадағы теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды, сонымен қатар елдің алтынвалюта резервтерінің сақталуына ықпал етеді. Сондықтан Ұлттық банктіркелген бағамға көшу мәселесін қарастырмайды, — деді Молдабекова.

Квазимемлекеттік сектор компанияларының шамамен 480,4 миллион АҚШ долларын құраған валюталық түсімін сатуы және ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы валюта нарығына қолдау көрсетті.

Маусым ішінде ұлттық банк ішкі валюта нарығында валюталық интервенциялар жүргізбеді, нарық сентименті мен құбылмалылығы нарықтық жағдайға сәйкес келді. Айырбастау бағамының өзгермелі режимінде теңге үшін құбылмалылықтың орын алуы қалыпты жағдай екенін атап өткім келеді, — деп түсіндірді ұлттық банк төрағасының орынбасары.