Басты бетҚоғамАлакөл ауданында...

Алакөл ауданында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тақырыбында кездесу өтті

Алакөл ауданында Жетісу облысы іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен мемлекеттік қолдау шараларын, «Атамекен» ҰКП қолдау құралдарын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын түсіндіру бойынша кездесу ұйымдастырылды.

Шараға Жетісу облысы мәслихатының депутаты, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салықова Римма Аждарқызы, Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Кәрібаев Асхат Әскербекұлы, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығының менторы Оңғарбаева Светлана Серікбайқызы, Көксу ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Утешбаева Салтанат Мұхаметханқызы, облыс бойынша «Әйелдер Кәсіпкерлігін Қолдау Орталығы» кеңесшісі Байборинова Мадина Төлеуқызы, Алматы облысы Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының «Адами капиталды дамыту» бөлімінің сарапшысы Астаубаев Айдын Амангелдіұлы, Отасы банкінің Алматы облысы филиалының көшбасшы кеңесшісі Иманшаев Данияр Қайратұлы, кеңесші Жандыгулов Бауыржан Ерланұлының қатысуымен облыстық «Іскер әйелдер кеңесінің» жергілікті кәсіпкерлік саласында жүрген қыз-келіншектермен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Римма Аждарқызы әйел табиғатынан қолында барды ұқсатып, алдынан кезіккен мәслені шешу  кезінде тиімді шешім болса, одан айналып өтпей қайта өзін осы жолда сынап көретін тәуекелшіл жандардың қатарында деп атап, жыл сайын мемлекет тарапынан  қыз – келіншектерге тиімді қолдау шаралары қолға алынып жатқандығы жайлы ақпарат беріп өтті.

Атап өту керек, бүгінгі нарықта сіздердің аудандарыңызда кәсіпкерлік және шаруа қожалығын басқаратындардың басым бөлігі әйел адамдар. Сонымен қоса, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Әйел кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары, белсенді түрде қайырымдылықпен айналысатынан да хабардармыз. Сонымен қатар, іскер әйелдер кеңесінің қатарына бизнес өкілдері ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың әйел басшылары да қосылды. Әсіресе, Кеңес әйелдердің бастамалары мен сұрақтарын шешуге қолдау көрсету қажет. Біздің алдымызда жергілікті атқарушы билікпен өзара қарым-қатынас деңгейін күшейту, жас кәсіпкерлерге қолдау білдіру міндеттері тұр, — деді Римма Салықова.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары Светлана Серікбайқызы отбасылық және рухани-адами құндылықтарды нығайту мәселелері жайында айтып өтсе,  Салтанат Мұхаметханқызы  Көксу ауданында Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен іске асырылып жатқан табысты жобаларымен қатысушыларды таныстырды.

Ал Асхат Әскербекұлы мемлекет тарапынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін 2-5 млн гранттың қағидасы, грантқа үміткерлер үшін маңызды бизнес-жобаның құрылымы және оларды жасағанда неге көңіл бөлу керектігіне тоқталып кетсе, Мадина Төлеуқызы Әйелдер Кәсіпкерлігін Қолдау Орталығының атқаратын қызметі мен орталық арқылы нәзік жандылардың қанша жобасы қолдау тапқандығы жайлы айтты.

Данияр Қайратұлы мен Бауыржан Ерланұлы Отбасы банкінің бүгінгі күні ел игілігіне ұсынған тимді бағдарламалары мен шарттарын түсіндірсе, Айдын Амангелдіұлы Атмекен ҰКП қызметі және «Atameken Zhetysu» микроқаржы ұйымы жайлы, ұйым арқылы шағын несиелендірілу шарттарын атап және аудандағы жұмысшы мамандар тапшылығын шешу үшін аудан кәсіпорындарына өз мекемелері жанынан оқу орталығын ашуды ұсынды.

Шараға қатысқан Алакөл ауданының кәсіпкер әйелдері көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды. Көптеген сұрақтар құқықтық, әкімшілік тарапынан берілетін жеңілдіктер, мемлекет тарапынан қарастырылатын гранттардың берілу жолдары мен мүмкіндіктерін сөз етті.

Бүгінде Алакөл ауданында әйелдердің мың жарымға жуығы ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, туризм, қонақ үй бизнесі, сауда ісі сынды кәсіпкерліктің барлық саласында жұмыс істейді. Ауданда жеке кәсіппен айналысатындардың 60%-ын әйелдер құрайды.