Басты бетҚоғамКонаевта нәзік...

Конаевта нәзік жанды Мадина теріден сөмке тігеді

Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып,  одан әрі дамытып әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, қандай да бір істі бастағанда кедергілер мен қиындықтарға тап болатының рас. Сондықтан оған ептілік, үлкен сабырлылық және білім-біліктілік қажет. Сонда ғана ойға алғандарды жүзеге асырып, мақсат-армандарға жетуге болады. Қазір аймақта көптеген кәсіпкер мемлекет қолдауымен бизнесін кеңейтіп, жұмыстарын жандандыруда. Мұндай іскерлер әр өңірде бар. Солардың бірі «7 элемент» деп аталатын жеке кәсіп иесі Мадина Камалдинова.

Бүгінде өз ісінің шебері атанып, кәсіпті нәсіп еткен келіншектің бизнеспен шұғылданғанына алты жыл. Осы уақыт ішінде тігін ісін жандандырған кәсіпкердің жұмысын көру үшін арнайы бардық. Бізді қарсы алған кәсіпкер қала ортасынан орын тепкен шағын цехтың қазіргі тыныс-тіршілігін көрсетті. Қыз-келіншектерге арналған сөмкелердің түр-түсі көз тартады. Байқағанымыздай, сапасы да сын көтереді. Соған қарай бағасы да жоғары, 30-50 мың төңірегінде. Тігіншілер де жас. Цехта 5 адам жұмыспен қамтылған. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Шикізат Ресейдікі, өзге шет мемлекеттерден де әкелінеді. Бүгінде айына 80 сөмке шығарылады.

Қол сөмкені әуеліде жай матадан тіктім. Сөйтіп, дайын өнімдерімді саттым. Бірте-бірте тапсырыс көбейіп, тұтынушылар оны таза теріден тігуімді сұрады. Өтініштерін қуана қабыл алдым. Алдымен жан-жақты іздендім, әсіресе ғаламтордың пайдасы көп тиді. Онлайн оқудан өтіп, грантқа тігін машинасын сатып алдым. Жұмысым осылайша жанданды. Өнімдеріміз интернет-дүкендер арқылы саудаланады,– дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар кәсіпкер тәжірибеден өту үшін оқу бітірген жастардың көп келетінін, тігіншілер оларға бар білгенін үйретіп, жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетінін, бизнеспен айналысуға отбасының қолдау көрсететінін және алдағы уақытта бизнесінің керегесін кеңейтуді ойға алғанын әңгімеледі.