– Александр мырза, қазір Қазақстанда бірнеше FinTech компания бар. Wooppay-дің олардан ерекшелігін айтып беріңізші…

– Wooppay — төлем ұйымы ретінде ҚР ұлттық банкінің реестріне енген алғашқы электрон ақша жүйесі. Иә, қазір Қазақстан нарығында ондаған FinTech компания бар. Елімізде онлайн төлем мен аударымға және мобайл-әмиян сегментіне сұраныс бар, бірақ біз бұл жобаны бастаған кезде Қазақстандағы қаржы технологиясы аталған мәселелерді шешуде қауқарсыз еді. Сондықтан Wooppay Қазақстандағы алғашқы төлем жүйесі деп айта аламыз.

Әрине, нарықта функциясы ұқсас қызметтер болды. Кей компания өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы жұмыс істеді, бірақ төлемді онлайн жасайтын FinTech шешімдер болмады. Кей банкте интернет-банкинг функциясы жұмыс істегенімен, тәуелсіз электрон әмиян жасалмады. Сол кездегі танымал жүйе ретінде WebMoney және ресейлік QIWI-ді атауға болады.

Wooppay-дің басты ерекшелігі — бірден экожүйе құруға кіріскенінде. Бір электрон әмиянмен қоғамдағы барлық саланы қамтуға тырыстық. Кино және басқа шараға билет сатып алу, дүкеннен тауарға тапсырыс беру, ресторан мен кафеден орын алу, жеткізу қызметі, сонымен қатар желі арқылы достар тауып, кейінгі жаңалықтардан хабардар болу мүмкіндігін ұсындық.

«Арман» қызметі арқылы қолданушы көптен ойлаған затын кэшбек арқылы серіктес дүкеннен сатып алатын болды. Осылайша, Wooppay мультиөнімді FinTech компанияға айналды.

– Биыл Wooppay жобасына 10 жыл толыпты. Артқа көз тастағанда нендей ой түйесіз?

– 2011 жылы ұялы телефон балансынан коммуналдық төлем жасауға мүмкіндік беретін стартап жасауды қолға алдық. Жобаны Алматыдағы BarCamp стартап байқауында таныстырдық. Ол кезде қаржы секторы туралы аз білдік, сондықтан жобаны қайта қарауға жіберген еді.

Wooppay директоры Александр Бондаренко
Wooppay директоры Александр Бондаренко. Фото жеке архивінен

2012 жылы жобаны жетілдіріп, инвестиция тарттық. 1 желтоқсанда Еуразиялық банкпен алғашқы транзакция жасалды. 2012 жылғы 1 желтоқсан – Wooppay-дің туған күні.

2014 жылдан бастап B2B (business-to-business) шешімдерін ұсынуға назар аудардық. Кәсіп иесіне ғана емес, жеке тұлғаларға да қаржылық және технологиялық қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік беретін платформалық шешімдер дайындадық. Ұялы телефон теңгерімінен қызметтің көп түрін төлеуге болатын жүйені іске қостық. Visa QR жобасында визамен интеграция жасадық.

«Қазпошта» АҚ арқылы еліміздің кез келген бөлімшесінен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыра алатын жобаны іске қостық. 10 жыл аз уақыт емес. Біздің команда барлық мәселеге шешімді өз бетінше іздеді. Сәтсіздіктер, қателіктер кездесті. Қолымыз жеткен нәтижелер қазір біздің компанияда ғана емес, еліміздегі басқа ұқсас жүйелерде де қолданыла бастады.

Қазір компанияда 150 адам жұмыс істейді. Қазақстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда кеңсеміз бар. Енді Грузияда лицензия алу үшін келісімшарт жасап жатырмыз.

– Алматы мен Нұр-Сұлтаннан өзге басқа өңірде жоба жасау кезінде қандай қиындықтар кездесті?

– Wooppay – Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналаспаған жалғыз FinTech компания. Негізі шағын қалада стартап бастаудың қиындығы да, артықшылығы да бар. Қиын тұсы — орта тар. Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы саланың мамандары жиі бас қосады, жиналып, идея алмасады. Шақырған шарадан қалмай қатысу үшін Қарағандыдан баратынмын. Жақында Алматыға көшіп келдім.

Тағы бір қиын тұсы – аймақтағы біржақты көзқарас. Алғашында біздің ұсынысымызға көп адам сеніммен қарамайтын. Уақыт өте келе аймақта ғана емес, республика бойынша беделіміз қалыптасты.

Білікті маман табу да оңай емес. Университетте 2-3-курс оқитын студенттерді үйретіп, өз академиямызды құруға тура келді. 2012-2018 жылдары қаржы технологиясы бойынша кадр табу мүмкін емес еді. Біз нарыққа қажет мамандар дайындаған компаниямыз. Біздің алғашқы мамандарымыз қазір Қазақстанның басқа ІТ-компанияларында жұмыс істейді. Біз оларға мықты маман дайындап бердік.

Аймақта стартап жасаудың артықшылығы да бар. Мысалы, айлықтың, күнкөрістің төмен болуы арзан жұмыс күшін табуға көмектеседі. Біздің жобаның құнынан оны жасауға кеткен шығын азырақ болды, бірақ қашықтан жұмыс істеу жүйесі дамыған соң мамандардың нарықтағы бағасы теңесті.

– Wooppay әрі қарай қандай бағытта дамуды көздейді?

– Компанияның қазіргі мақсаты — диверсификация, яғни әртараптандыру, бренд қалыптастыру, қолданушылар санын көбейту, тұтынушыға арналған қызмет түрін көбейту. Электрон әмиянмен байланыстағы цифрлық карта жасап жатырмыз.

Wooppay директоры Александр Бондаренко
Wooppay директоры Александр Бондаренко. Фото жеке архивінен

Қазақстанның ғана емес, дүнижүзі нарығына шығуды көздейміз. Қазірдің өзінде Өзбекстанда екі ұялы байланыс операторы телефон балансы арқылы төлем жасау жүйесін іске қосты. Ал Тәжікстандағы барлық ұялы байланыс операторы іске қосылды. Жылдам, ыңғайлы әрі арзан ақша аударымын жасау жолын қарастырып жатырмыз. Осы бағытта Halyk bank-пен бірге TEZ жобасын бастадық. TEZ қолданбасының көмегімен Қазақстан мен Өзбекстан арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударымын жасауға мүмкіндік бергіміз келеді. Телефон нөмірі арқылы қай картаға аударым жасағың келетінін таңдауға болады.

Қазақстан мен басқа елдер арасында тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатқымыз келеді. Қазақстанның дүниежүзіндегі маңызды әрі табысты FinTech хабқа айналғанын қалаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Wooppay-дің 10 жылдығы құтты болсын!