19 атауды қамтитын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 2022 жылғы 5 шілдедегі жағдай бойынша (жылдық мәнде) 17,7% қымбаттады. Бұл 2021 жылғы сәйкес кезеңнен 2,2% тармаққа жоғары. Өткен аптада және ай басынан бергі кезеңге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,25, жыл басынан бері кезеңге 17,4% өсті.
Сонымен қатар бюро 5 шілдедегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасын ұсынды.
Ресми дерекке сәйкес, елімізде бірінші сұрыпты ұнның 1 келісі 220 теңге тұрады. Бірақ, елордада қымбат – 264 теңге. Қазақстан бойынша құмшекердің орташа бағасы 1 келісіне 519 теңге болса, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан — 188, қарақұмықтың 1 келісі – 501, сары майдың 1 келісі – 3 256, 1 литр күнбағыс майы — 824, сиыр етінің (жауырын-төс бөлігі) 1 келісі – 2 200, тауық етінің 1 келісі – 1 138, пастерленген сүттің 1 литрі – 307, картоптың келісі – 183, сәбіз – 206, 10 дана жұмыртқа 369 теңгені құрайды.
2022 жылдың маусымында 2021 жылдың маусымымен салыстырғанда инфляция 14,5% болды.