Басты бетЖаңалықтарЕлордада әйелдер...

Елордада әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнінде отырыс өтті

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шаралары болды.

Отырысты ашқан ұлттық комиссияның төрайымы, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі бүгінгі күні қоғамымыздың ең өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі болып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде алдын алу шаралары кешенін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін іздеуді, сонымен қатар уәкілетті органдардың балалар суицидінің алдын алуға бағытталған іс-қимылдарындағы проблемалық аймақтарды анықтауды және шешуді талап етеді.

Отырыста мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғаш рет баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидалары әзірленіп, интернет желісіндегі заңсыз контентке қарсы іс-қимыл жөніндегі нормалар енгізілгені атап өтілді. Балалар амандығының индексі қабылданды, ол балалардың құқықтары мен мүдделеріне, оның ішінде психологиялық саулығына жүйелі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Бас прокурордың орынбасары Ж.Өмірәлиев өз баяндамасында кәмелетке толмағандардың суицидтері жөніндегі істерді тергеуді қадағалау күшейтілгенін атап өтті. Бұл 2022 ж. бірінші жарты жылында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының (38,1%-ке) және олардың әрекеттерінің (5,7%-ке) төмендеуіне ықпал еткен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында суицид жасау мен оны жасауға әрекеттену жағдайларының 21,5%-ке өскені байқалған.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, суицидтің өсуіне психологтардың, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігі мен дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі ықпал етеді.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және барлық стейкхолдерлердің проблемаларды шешудегі күш-жігерін біріктіруді ұсынды. Министрлік әлеуметтік желілердің ашық жарияланымдарында депрессияның белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдаланатын пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, — деп атап өтті оқу-ағарту вице-министрі Ғ.Бейсембаев.

Отырыс барысында ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы А.Арыстанов білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында суицидтік көріністерді ерте анықтау әдістемесін жетілдіруді, сондай-ақ суицидологтардың санын арттыру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Ұлттық комиссияның мүшесі, адвокат, құқық қорғаушы, «AU» онлайн-құқықтық мектебінің негізін қалаушы А.Омарова бастауыш сыныптардан балалар үшін «Менің қауіпсіздігім» пәнін, ал ата-аналар мен мұғалімдер үшін арнайы бағдарламалар енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар спикерлер диагностикалық және психотерапиялық қызметтер көрсететін медициналық кабинеттер желісін кеңейтуді, жергілікті атқарушы органдарға білім беру ұйымдарының қызметін бағалаудың критерийлерін психологтардың тиімді қызметіне әсер ететіндей етіп қайта қарауды ұсынды.

Отырыс соңында ұлттық комиссия төрайымы А.Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.