Әсел Бектемісова бес жылдан бері кондитер болып жұмыс істейді. Қыз-келіншектерге арналған «Көркем-ай» кондитерлік курсының авторы. Ол курсында да, күнделікті өмірде де қантты аз қолданады. Бұл әдеті Қазақстанда қант тапшылығы пайда болмай тұрып-ақ қалыптасқан. Бала кезінде дерматитпен ауырған, сол себепті дәрігерлер тәтті жеуге тыйым салған. Сондықтан қазір қантсыз, диеталық тағамдар жасауға көп көңіл бөледі.

Тамақтан нәр алу керек. Әр нәрсенің мөлшерін білгеніміз дұрыс. Тамақ тек асқазанды толтыратын қорек емес. Бойымызға, ойымызға нәр береді. Бала кезімнен бір конфетті екі-үш күнге бөліп қоямын. Дерматиттен кейін кез келген аурудан жақсы әдет қалыптастыруға болатынын түсіндім, — деп балалық шағын еске алды.

Әсел Бектемісова, кондитер
Әсел Бектемісова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кондитер жеке курсында диеталық қантсыз тағам түрлерін жасауды үйретеді. Десерттің өзін қанттың балама түрімен дайындайды. Қамыс қантын, бал, жеміс-жидек қолданады. Себебі қамыс қантының құрамында кальций көбірек. Қымбат болғанымен, тиімді. Әдеттегі қанттан 2-3 есе аз қоссаң да, дәмі өзгермейді. Әсел оқырмандарға кокос қантын да пайдалануға кеңес береді.

Әсел Бектемісова, кондитер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әсел бізге жеке тәжірибесінен мына оқиғаны баяндап берді:

Әдетте кешке тамақ ішпеймін. Кейде тәттіге зауқым соғады. Бір күні түнде қантсыз бал тортын жасап жедім. Келесі күні таңертең таразыға тұрғанымда салмақ қоспағанымды байқадым.

Қазір Қазақстанда қант сатып алу уақытша шектелді. Мысалы, Magnum супермаркет желісінің кассасында «Бір қолға екі келіден аспайтын қант беріледі» деген жазу бар.

қант тапшылығы, касса
Фото: Baribar.kz

Қантты кез келген дүкеннен табу да оңай емес. Бағасына бақылау жасау да қиын. Әселдің айтуынша, бұл жағдай қымбатшылыққа әсер етіп, ажиотаж тудырса да, адамдардың қантты тұтынуды азайтқаны жақсы.

Әсел Бектемісова, кондитер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жеміс-жидекті қысқа сақтау үшін тұрғындар қант қосылған тосап, қайнатпа жасайтын. Қазір қанттың қымбаттауы мен тапшылығынан адамдар басқа балама тәсілдерді қолдануға көшті.

Әсел Бектемісова жеміс-жидекті қантсыз сақтаудың он тәсілін айтып берді.

  1. Маусымдық жеміс-жидектерді блендермен езіп, арнайы пакетке салып, мұздатқышта қатырып алу керек. Кейін қант арзандағанда жібітіп, қайнатып аласыз. Қыста қантсыз-ақ, шайға қосуға, кондитерлік өнімдерге салма ретінде пайдалануға болады.
  2. Жеміс-жидектерден бал қосылған тосап жасап алыңыз. Балдың тәттілігі мен консистенциясы жоғары болғандықтан көп мөлшерде қосудың қажеті жоқ.
  3. Лимон қосылған қайнатпа жасауға болады. Алғаш естігенде көп адам лимон ащы, қышқыл ғой, қалай тосап қайнатуға болады деп таңданады. Жеке тәжірибемде бір шай қасық лимон суын қосып, жеміс-жидекті бірнеше рет қайнатып, пайдалы әрі тәтті тосап жасағанмын.
  4. Цитрус жемістерден иммунитетке пайдалы қоспа жасауға кеңес беремін. Апельсин, лимон, зімбірді езіп, сумен араластырып, қайнатып, қысқа сақтауға болады. Мұны тұмауратқанда дәрі ретінде қолдануға болады.
  5. Құлпынай, таңқурай сияқты тәтті жемістерді қант қоспай-ақ, қайнатып, банкада сақтай беріңіз. Ал алма, шие сияқты қышқыл дәмі бар жемістерді тәтті жемістермен араластырып қайнатсаңыз, қанттың қажеті де  жоқ. Бананның құрамында глюкоза болғандықтан жеке өзін қайнатып тосап жасауға немесе басқа жемістерге тәтті дәм беру үшін қосуға болады.
  6. Жеміс-жидекті тек тосап ретінде емес, құрғатып та сақтауға болады. Алма, өрікті тазалап, кептіріп қақ жасап, қыста компот қайнатуға болады.
  7. Үйдегілер компотты ұнатпаса, жеміс-жидектерді кептіріп, қытырлақ чипсы дайындауға болады. Бұл — әсіресе, балалардың сүйікті асы. Кептірілген жемістерді асүйде декор ретінде қолдану да — жақсы идея. Ас бөлмеге иіс пен көрік беріп тұрады.
  8. Жеміс-жидекті қантсыз қайнатып, белгілі бір формаға келтіріп кептіруге болады. Мұны «пастила» деп атайды. Бұл да шығынсыз, зиянсыз және балаларға беруге ыңғайлы.
  9. Егер салқын сусынды жақсы көретіндер болса, мұз түйіршіктерін жасауға болады. Мұз қатыратын ыдысқа балғын жемістерді салып, үстіне су құйып, мұздатқышқа қатырып қойыңыз. Кейін сусын дайындағанда осы мұз түйіршіктерін пайдалануға болады.
  10. Компот пен морс дайындау да аса қиын емес. Жеміс-жидектің компотын банкаға жауып, қысқа сақтаңыз. Кепкен қақтан жасалған компотқа қарағанда дәмі мен иісі сақталады.

Әсел Бектемісова сонымен бірге қантсыз панкейк пісіруді үйретті. Фотонұсқаулық арқылы сіз де үй жағдайында бал мен банан қосылған панкейкті он минутта дайындай аласыз.

панкейк, асүй, банан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
банан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әселдің айтуынша, қантты рационнан толығымен алып тастауға да болмайды. Қанттың құрамындағы глюкоза жаңа нейрондардың қалыптасуына, мидың белсенді жұмыс істеуіне көмектеседі. Нейрондар ағзадағы жад, ойлау қабілеті, эмоция мен рефлекс жұмысын жақсартады. Сол себепті де науқасқа емханада күш-қуат беру үшін қанға глюкоза жіберіп, ағзаны қоректендіреді.

Альберт Эйнштейн күн сайын 500 грамнан артық қант жеген. Тәтті жеген соң миы жақсы жұмыс істей бастайтынын айтқан. Қант пен тұз аз мөлшерде — дәмдеуіш, көп мөлшерде — у. 500 грамм қант 2 000 калория береді. Ал ересек адамның бір күндік нормасы — 2500-3000 калория. Артық калория артық салмаққа себеп болады. Осыдан-ақ қантты аз қолдану керек деген тұжырым жасауға болады, — дейді Әсел Бектемісова.

Балалар негізінен тәттіге құмар болып келеді. Әсел балаға үш жасқа дейін құрамында қанты бар өнім бермеуге кеңес береді. Ал үш жастан кейін қантты табиғи бал, жеміс-жидекпен алмастыруға болады. Үш жастан асқан балалар үшін қанттың күндік нормасы 25 граммнан аспауы керек екен. Бір шай қасық қант 7-8 грамм болса, күніне 3-4 қасық қант қана қолдануы керек. Ал ересек адамдарда қанттың күндік нормасы — 200-300 грамм.

Әсел Бектемісова, кондитер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қант мөлшерін есептегенде күнделікті тұтынатын тағамның құрамындағы қантты да ескеру керек.

Қанттың табиғи және күрделі түрі болады. Күрделі қант крахмал түрінде тағамның құрамында кездеседі. Оның асқазанда қорытылуы қиын. Сондықтан құрамында қанты бар нан өнімдерін көп тұтынатын адамда артық салмақ пайда болады, — дейді кондитер.

Жеміс-жидектің құрамында табиғи қант кездеседі. Әсіресе, бананда глюкоза көп, бірақ табиғи қант тез қорытылады.

банан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қант адамның терісіне, дене бітіміне, көңіл-күйі мен денсаулығына әсер етеді. Кішкентай балаларда тәттінің әсерінен диатез, тісжегі (кариес) пайда болады. Ересектерде кальций жетіспеуі, қант диабеті болуы мүмкін.

Адамның бәрі жас, сұлу, сау болғысы келеді. Оның ең алғашқы алғышарты — дұрыс тамақтану. Ес білгелі қантты мөлшермен қолданамын. Шайды қантсыз ішемін. Қазір жасым 41-де. Адамдар жас көрінуімнің құпиясын сұрағанда, қантсыз өмір салтының нәтижесі екенін айтамын, — дейді Әсел.