Басты бетЖаңалықтарҰшақтар неге...

Ұшақтар неге кешігеді?

Бүгінде отандық 5 әуе тасымалдаушы 57 бағыт бойынша аптасына 600 рейс орындайды. 27 мемлекетпен әуе байланысы орнаған. Апта сайын халықаралық бағытта 476 рейс жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың бес айында ел ішіндегі әуежайлар 6,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті.

Әуе тасымалының ұлғаюымен қоса, соңғы кезде рейстердің кешігуі де жиіледі. Осыған орай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жуырда брифинг өткізді. Жиынға отандық әуе компанияларының өкілдері де қатысып, өз уәждерін ортаға салды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, рейстердің кешіктірілуіне негізінен ұшақтың техникалық ақауы, ауа райының қолайсыздығы себеп. Кейде әуе компанияларының, әуежайлар, әуе көлігін басқару жүйесінің, сондай-ақ жолаушылардың кінәсінен де осындай олқылық орын алады.

Жиында сөз алған Air Astana компаниясының жердегі қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небога мынадай түсініктеме берді:

«Ұшу уақытының шегерілуі ең алдымен әуе компаниясы үшін тиімсіз. Бұл орайда екі себепті атап көрсеткім келеді. Бірі – жаһандық, екіншісі – жергілікті. Жаһанда болып жатқан оқиғалар компания қызметіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Еуропада ковид шектеулері алынып тасталған соң, Лондон, Франкфурт, Амстердам әуежайларында тасымалға сұраныстың артуынан біраз қиыншылықтар туындады».

Оның айтуынша, соңғы екі жылда халықаралық әуежайлар шектеулі режимде жұмыс істеген. Соның салдары енді біліне бастады. Мәселен, Франкфурт — Нұр-Сұлтан бағытындағы рейс әуежайда жүк тиеушілердің жетіспеуінен бір сағатқа шегеріледі. Бұл ұшақта Нұр-Сұлтанға жектен соң әрмен қарай Қостанайға ұшатын 30 шақты жолаушы бар. Тиісінше, транзит жолаушыларды әкету үшін Нұр-Сұлтандағы бортты кідіртуге тура келеді. Соның кесірінен екі рейс кешіктіріледі. Жаһандық факторға Украинадағы жағдайды да қосу керек. Ресей әуе кеңістігін айналып өтуге мәжбүр болғандықтан, белгілі бір бағыттар бойынша ұшу уақыты ұзарды. Бұл да өз кезегінде ұшу жиілігі мен мерзіміне әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ Еуропа әуежайларына қатысты мәселеде мынаны ескеру керек: Амстердам әуежайы өз ресурсын есепке алып, жолаушылар мен рейстердің санына да шектеу қойды. Лондонда соңғы екі аптадан бері жүк тасымалымен байланысты түйткілдер туындады. Міне, осының бәрі әуе компанияларының қызметіне зиянын тигізіп отыр. Жергілікті факторларға тоқталған А.Небога былай деді: «Әуе компаниясының ұшу жиілігі жылдық эквивалентте есептеледі, әрине, ай сайын да есеп жүргіземіз. Әр айды жеке-жеке алып қарасақ, Қазақстандағы қаңтар оқиғасы да ұшу жиілігіне әсер етті. 2-3 апта жұмысымыз тоқырап қалды».

Ақпан-наурыз айларында елдегі ауа райының қолайсыздығы, ал жазда әуежайларда жөндеу жұмыстары мәселені тереңдете түседі. Сондай-ақ техникалық себептерді де ескеру керек.

Техникалық себептермен рейсті кешіктіру – ең алдымен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ұшақта ақаудың жоқ екеніне көз жеткізбейінше, әуе компаниясы ұшуға рұқсат бермейді, — деді А.Небога. — Бір ғана мысал: өткен аптада біздің борт Орталық Азиядағы әуежайдың бірінде қонды. Әуе кемесін тексеру барысында қозғалтқыш қалақшасында мерт болған құстың қалдығы табылды. Әлгі әуежайда білікті маман болмағандықтан, Air Astana компаниясы Алматыдан өз инженерін жөнелтуге мәжбүр болды. Ол талдау жасап, ешқандай зақым келмегенін анықтаған соң ғана ұшуға болатынын айтты. Әлбетте, рейс кешіктірілді. Бірақ жолаушыларды аман-есен жеткізу үшін осылай әрекет етуге тура келді.

Ұшу қауіпсіздігіне айрықша маңыз берілетінін Салтанат Томпиева да атап көрсетті. «Азаматтық авиация саласында тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жолаушылардың қауіпсіздігі – бірінші орында. Дегенмен рейс әуе компаниясының кінәсінен кешіктірілсе, заңға сәйкес, жолаушыларға жағдай жасалуы тиіс, — деді ол.

Дереккөз: Jasqazaq.kz