Отбасы банк ұлттық даму институтына айналуы мүмкін

Оның айтуынша, президент тапсырмасы аясында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазір құжат мәжілістің қарауында.

Заң жобасы аясында тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығара отырып, Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады, — деді Өскенбаев үкімет отырысында.

Сонымен қатар Отбасы банк базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр. Ол ешқандай санатқа қарамастан, республика аумағында баспанасы жоқ барлық мұқтаж азаматты орталықтандырылған түрде есепке алады.

Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылады, — деді министр.

Министрдің айтуынша бұл жаңашылдықтар халықты үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, баспана алу рәсімін оңтайландыруға, сонымен қатар азаматтардың барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді.