Президент сыртқы сауда қызметін жандандыруды тапсырды

Мемлекет басшысына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығының қорытындысы туралы баяндалды. Жиын барысында маңызды шешімдер қабылданған. Атап айтқанда, ДСҰ-ны реформалау үдерісін бастауға және 20 жылдан астам уақытқа созылған Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісімді қабылдауға қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің сыртқы сауданы дамыту және экономикалық интеграция аясында ұлттық мүддені қорғау жұмыстарының нәтижесі ұсынылды.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі биылғы 4 айдың ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 33,9% артып, 5,6 миллиард доллардан 7,5 миллиард долларға дейін өскенін мәлімдеді. Қызмет көрсету экспорты 5,8 миллиард долларға жеткен.

Мемлекет басшысына трансшекаралық хабтарды және сауда-логистикалық инфрақұрылымды өркендету, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойымен дамыту жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

Бақыт Сұлтанов үкіметтің негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспардың жүзеге асырылуы 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар бойынша халықты 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Президент сыртқы сауда қызметін жандандыру және шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілету жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді.