Батыста сүт пен көкөніс белдеулері құрылады

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша,  бізде сүт өңдеу кәсіпорындары бүкіл халықтың қажеттілігінің 20% — ын ғана қамтамасыз етеді, 80% — ы елдің басқа өңірлерінен, сондай-ақ Ресей мен Белоруссиядан импортталады. Біздің облыста «сүт белдеуін» дамыту әлеуеті негізінен Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Теректі, Тасқала және Оралмен жақын елді мекендерді қоса алғанда, бес ауданда мал шаруашылығын дамыту есебінен қамтамасыз етіледі.

Жоспарланған тұжырымдамаға сәйкес, 2022-2025 жылдары бұл аудандарда сүт көлемін 166 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Ол үшін ауылдарда жылына қосымша 45,9 мың тонна сүт өндірілетін болады, онда бірқатар ірі кешендерді іске қосу жоспарлануда. Мысалы, Бөрлі ауданындағы «Аманат» фермерлік шаруашылығы 600 сиырға арналған заманауи техникамен жабдықталған сүт-тауарлы фермасын, ал Теректі ауданындағы «Ринго Милк» ЖШС 640 сиырға арналған фермасын салып жатыр. Сүт фермалары өнімді бастапқы өңдеуді жүзеге асырады, оны орайды және тұтынушыларға табиғи сапалы тауарларды жеткізеді.

Өңірде картоп пен басқа да көкөністердің тапшылығын жабу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін «жасыл белдеу» тұжырымдамасы әзірленді. Осы уақытқа дейін БҚО–да картоп алаңы – 708 га дейін, пияз – 255 га, сәбіз – 725 га және қырыққабат -465 га ұлғаяды деп жоспарланған. Қазіргі уақытта облыста картоп пен көкөніс отырғызу басталды. Алдағы уақыттың еншісінде осы өсірілген көкөністерді сақтайтын қоймалар санын көбейту міндеті тұр. БҚО-да күзгі-қысқы кезеңде тұтыну үшін дайындалған өнімді сапалы сақтау үшін сыйымдылығы 51,8 мың тонна болатын 52 көкөніс базасы бар. Жабдықталған көкөніс қоймаларымен қамтамасыз етілу 85%-ды құрайды (қажеттілік 65 мың тонна болғанда). 2025 жылға дейін тоғыз кәсіпорында сыйымдылығы 29,1 мың тонна болатын он заманауи көкөніс базасын салу жоспарлануда, оның төртеуі биыл салынады (сыйымдылығы 13000 тонна). Келесі жылға жалпы сыйымдылығы 9500 тонна болатын үш көкөніс қоймасы жоспарланған, ал 2025 жылға қарай көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы 79 мың тоннаны құрауы тиіс.