Басты бетЖаңалықтарМәдениет министрлігі...

Мәдениет министрлігі Елбасы стипендиясының атауын өзгертуді ұсынды

Президент жарлығының тиісті жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Мемлекеттік стипендияның атауынан тұңғыш президент – Елбасы деген сөз алынып тасталады. Оны жай ғана мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия деп атау көзделген.

«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы» атауы «мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия» деп өзгертіліп жатыр, — делінген түсіндірме жазбада.

Мәдениет саласындағы жыл сайынғы 75 мемлекеттік стипендия айына 55 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. Қазақстанда биыл 1 АЕК 3 063 теңгені құрайды.

Құжат 15 шілдеге дейін қоғам талқысына шығарылды.

Еске салсақ, 5 маусымда Қазақстанда конституциялық түзетулер бойынша бүкілхалықтық референдум өткен болатын. Еліміздің негізгі заңынан «Тұңғыш президент туралы» заңды жою арқылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталады.