КИМЭП университетінің алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кездесу өткізілді.
Кездесуге Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан және КИМЭП университетінің президенті Чан Йан Бэнг қатысты.
Іс-шараны аша отырып, доктор Бэнг білім саласындағы сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, сыбайлас жемқорлықтың жиі кездесетін жағдайлары қандай болуы мүмкін екендігі туралы ойымен, сонымен қатар оның алдын-алу бойынша ұсыныстарымен бөлісті.
Ең алдымен, біз өзіміздің негізгі құндылықтарымызды — ашықтықты, адалдықты және сыбайлас жемқорлыққа деген нөлдік төзімділікті тұрақты түрде түсіндіреміз және насихаттаймыз. Жоғары оқу орнында осындай мәдениетті қалыптастыру үшін біз оқытушыларымыз бен студенттерімізге өкілеттіктер мен жауапкершілік жүктейміз. Университеттегі барлық маңызды шешімдер оқытушылар мен студенттердің қатысуымен қабылданады, — деді ол.
КИМЭП университеті президентінің пікірінше, жоғары оқу орындарының көпшілігінде қызметтің маңызды мәселелерін тек ректорлар ғана қарастырады, бұл авторитарлық басқару жүйесін жасайды. Мұндай жүйе сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың пайда болуына жоғары бейімділікті көрсетеді.
Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан өз сөзінде білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық қылмысының құрылымын талдау көрсеткендей, қылмыстардың жалпы санының азаюына қарамастан, олардың белгілі бір түрлері мен тәсілдерінің үлесі жылдан жылға өзгермейді, кейде тіпті өсіп келеді.
Диалог алаңында жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне зерттеу жүргізу мәселелері талқыланды. Мысалы, 10 жекеменшік және 10 мемлекеттік жоғары оқу орнын таңдап, олар бойынша зерттеу жүргізу ұсынылды. Сонымен қатар спикерлер сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен жоғары оқу орындарына сыйақы беру және сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары оқу орындарын жазалау тетіктерін ойластыруды ұсынды.
Соңында тараптар жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды жетілдіру бойынша бірлесіп ұсыныстар әзірлеуді шешті.