Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда атом...

Қазақстанда атом саласында мамандар тапшы ма?

Бүгінгі таңда әлемдегі электр энергиясын өндірудің шамамен 17%-і атом электр станцияларының үлесіне тиесілі.

Қазақстанда МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкінің іске қосылуы аталған металды өндіру мен өңдеу, сақтау саласының дамуына тың серпін берді. Осы роайда, ядролық қауіпсіздік, атом секторлары үшін халықаралық деңгейде өз мамандарымызды дайындауға мүмкіндік туады. Әлемдегі жалпы уран қорының 15 пайызы қазақ жерінде орналасқанын ескерсек, жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы еліміз үшін аса маңызды. Бүгінде Қазақстан 50-ден астам кен орнында уран өндіріледі.

Соңғы уақытта Қазақстанда электр энергиясын өндірудің жаңа баламасы ретінде атом электр станциясын салу мәселесі жиі көтеріліп, оның құрылысын жүргізу мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаны жүзеге асыру қажеттілігі елімізде қазірдің өзінде электр қуаты тапшылығының қылаң беруінен және Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына (көмір генерациясының үлесін нөлге дейін азайту) қол жеткізу жоспарынан байқалады. Осы тұрғыда тұрғындарды болашақта елімізде атом электр станцияларын салу ғана емес, сондай-ақ стратегиялық аумақта қызмет ететін білікті кадрларды даярлау мәселесі де алаңдатады.

Бүгін біз, осы тақырыпта атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды дайындау мәселесі бойынша талдап көрген едік.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ядролық физика және жалпы сала мамандарын дайындау жұмыстары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Қазақстанда сала бойынша Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті және Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті мамандарды даярлайды.

Мәселен, ҚазҰУ-да «Дубна» университетімен «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриатта екі дипломды бағдарлама жұмыс істейді. Сондай-ақ Ұлттық университет «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университетімен бірлесіп «теориялық ядролық физика», «ядролық медицина» (1+1) магистратурасының екі дипломды білім беру бағдарламасын іске қосылған.

2019 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «ядролық технологиялар саласындағы білім беру және мамандарды даярлау (STAR-NET)» өңірлік желісінің мүшесі болды және АЭХА аясында Ядролық технологиялар саласындағы мамандарды даярлаудың әлемдік деңгейіне шықты.

Бұған қосымша, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында ядролық физика және жаңа материалдар саласындағы PhD докторанттарын бірлесіп даярлау жүргізіледі. Сонымен қатар,  «Ядролық физика»  мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураның қос диплом бағдарламасы бойынша Дубна университетімен бірлескен дайындық шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, «ядролық физика» және «ядролық медицина» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау үшін Обнинск қаласындағы медициналық радиологиялық орталығымен шарт жасалған.

2018 жылдан бастап аталған университет пен «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын ядролық және техникалық физика, сондай-ақ материалтану саласында 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылып келеді.

Жоғарыда аталған білім беру бағдарламалары бойынша «ядролық энергетика технологиялары», «атом өнеркәсібінің технологиялары», «уран өндіру және қайта өңдеу», «уран химиясы мен технологиясының негіздері», «ядролық отын алу технологиясының негіздері», «дозиметрия, радиациялық және ядролық қауіпсіздік негіздері», «нейтрондық негіз» сияқты пәндер оқытылады.

Бүгінгі таңда жалпы білім алушылар контингенті – 4070 адамды құрайды (бакалавриат – 3590, магистратура – 397, докторантура-83). Сала мамандықтары бойынша 2021-2022 оқу жылына 2924 грант бөлінді.

Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің хабарлауынша «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде 2010 жылдан бастап 2022 жылға дейін атом саласының мамандықтары бойынша 150-ге тарта бакалавриат пен магистрант оқудан өткен.

Атом саласында кадрлар даярлауды көздейтін меморандумдар Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігімен (2014 жыл), Беларусь Республикасының Энергетика министрлігімен (2018 жыл) және «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен жасалған болатын.

2022 жылы ҚР Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасындағы Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумға сәйкес тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, бакалавриат, магистратура, аспирантура бағдарламалары бойынша білім алушылармен және оқытушылармен алмасуды, оқу және ғылыми әдебиетті әзірлеуді, қысқа мерзімді тағылымдамалар мен семинарларды ұйымдастыруды қоса алғанда, атом саласы үшін кадрлар даярлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниет білдіреді.

Қазақстан атом электр станциялары ЖШС Бас директоры, атом энергетика саласының беделді маманы Тимур Жантикиннің пікірінше:

Қазақстандық жоғары оқу орындарында ядролық отын циклы, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындары үшін кадрлар даярлайтын бірқатар мамандықтар бар. Сондай-ақ, Ресейдің жетекші бейінді жоғары оқу орындарымен қалыптасқан байланыстар бар. Алайда, басты мәселе — жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге Қазақстанда мамандық бойынша жұмыс жоқ, олар басқа салаларда жұмыс істейді. АЭС жобасы нақтыланған жоқ, атом-энергетика саласын дамытудың нақты бағдарламасы әзірленбеген. Сондай-ақ, ең маңызды тағы бір мәселе бар, бірақ үнемі назардан тыс қалып жатады. Атом саласы туралы айтқанда, мықты қадағалау органын құру туралы ойлануымыз керек. Біз атом энергетикасын дамытамыз дейміз де, қадағалау мәселелерін айтпаймыз. Мәселен, станцияларда қандай да жағдайлар бола қалса, адамдарда ядролық жарылу үрейі туындайды, алайда осы кезге дейін станцияларда ядролық жарылыс болған емес. Әсіресе, Семейде ядролық қаруды сынақтан өткізгеннен кейін атом сөзі қолданылса, қоғам тарапынан оны қандай да бір жарылыспен байланыстыру әдетке айналды. Сондықтан, бұл үшін жақсы қадағалау органы қажет және ол мықты мамандардан құралуы керек — деді, бас атомшы.

Қазіргі уақытта Ядролық физика институтында бiрлескен ғылыми зерттеулерді өткiзуге және де осы жұмыстарға студенттердiң, магистранттар мен PhD докторанттарының тікелей қатысуымен кадрларды даярлауға арналған Қазақстанның жоғары оқу орындарымен, шетелдiң ядролық орталықтары және университеттерімен (Ресей, Польша, Финляндия, Италия, Жапония, Корея, Өзбекстан және басқа да) бірлесе отырып жасалған республикалық, сондай-ақ, халықаралық ауқымдағы шарттар бар. Сондықтан да, PhD докторантурасы арқылы «Ядролық физика» және «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының атом саласы үшін жоғары білікті кадрлар дайындау шаралары жалғаса береді.

Энергетика бүгінде әлемдік өркениеттің мыңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Адамзаттың XXI ғасырдағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде және энергетикалық сұраныстарын қанағаттандыруда ядролық энергетика айтарлықтай үлес қосуға тиіс. Сондықтан, осы бағыттағы Қазақстанның кадр дайындау мәселесіндегі ұстанымы ұзақмерзімдік мақсаттарға негізілделе бермек.