Басты бетЖаңалықтарМинистр Ербол...

Министр Ербол Қарашөкеев ет бағасы туралы айтты

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер министрден Қазақстанда неге ет қымбаттап жатқанын сұрады. Қарашөкеевтің айтуынша, министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер деңгейінде ет бағасын бақылап отыр.

Кеше баға түсіп жатыр деп айтты. Көтерме баға өсіп жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бойынша қатты өсім байқалмайды, біз бағаны ұстап тұрмыз, — деді министр.

Министр қазір басқа мәселенің шеті шығып тұрғанын айтты: мал өсірушілер етті сатып алу бағасының төмен екеніне шағымданып жатыр.

Кеше тыңдау өтті, депутаттар осы мәселені қозғады. Мал өсірушілер еттің сатып алу бағасы тым төмен екеніне наразы. Сол үшін бізге жаңа нарық ашып, фермерлерге қолдау көрсетуіміз қажет, — деді Қарашөкеев.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан өзін етпен толығымен қамтамасыз етеді.

Баға деген үнемі өседі, бірақ қатты өсім жоқ, — деді ауыл шаруашылығы министрі.