Нұр-Сұлтанда есірткінің ірі партиясы тәркіленді

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 37 жастағы күдікті ұсталған. Тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында оның гараждағы көлігінен салмағы 40 келі «марихуана» бар екі пакет тәркіленді.

Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы 2-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәсі дәлелденсе, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полицейлер дәрі-дәрмектің жеткізу арнасын, сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.

Нұр-Сұлтан полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Ақбаровтың айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 170 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген.