Атырау облысында жел электр станциясы салынып жатыр

Мамандар желді өңірде экологиялық таза, шығыны аз қуат көзін тапты. Сағатына 48 мың киловатт электр энергиясын өндіретін нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Станция бүкіл Мақат ауданын жарықпен қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Қысы-жазы желі үзілмейтін мұнайлы өңір үшін желден электр энергиясын өндіру өте тиімді екені сөзсіз. Бұған дейін Исатай ауданына қарасты «Манаш» елді мекені маңайынан осындай жоба жүзеге асқан еді. Енді міне Мақат ауданында жел электр станциясы бой көтерді. Қазір 500 гектардан астам аумаққа 24 жел генераторының қадасы қағылды.

Қазір біздер 8 құрылғыны орнатып қойдық. Тоғызыншысы дайын болып қалды. Өндірілген қуат аудандарға, тұтынушыға таратылады. Артықшылығы – экологиялық таза, шығын жоқ, — дейді электрик-монтажник Әлижан Жұмабаев.

Қазір жоба құрылысында 50-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым көпшілігі жергілікті азаматтар.