Bugin Holding компаниясы 2,4 миллион доллар инвестиция тартты

Bugin Holding негізін қалаушылар акционерлер болып қалады және компанияны дамытуды жалғастырады. Ал инвестиция өнімдерді дамытуға және шетелдік нарықтарға шығуға жұмсалады. 2022 жылы Bugin Holding-тің табысы шамамен 2,8 миллиард теңгені құрайды деп күтіліп жатыр.

Bugin Holding үш саланы қамти отырып жұмыс атқарады. Олар – құндылық, білім, инновация! Аталған үш сала да кез келген адамның яки мемлекеттің болсын дамуына тікелей әсерін тигізеді. Мәселен, құндылықсыз адамға білім дарымайды, ал білімсіз инновацияны көтеру тіптен мүмкін емес. Bugin Holding осы үш сала бойынша қандай қарекеттер жасауда? Осы сұраққа жауап ретінде компанияның экосистемасын алға тартуға болады.

Экожүйенің алғашқы сатысы – «OrdaGen» балаларға арналған арнаулы жоба. Бұл еңбектеп ес білген баланың бойына дәстүр мен ділді дарыта отырып, құндылықтың құнарын беру. OrdaGen-де қазіргі таңда мыңнан астам ертегі бар. Оларды мобильді қосымша, кітап және анимациялық мультфильм түрінде таратып, балаларға арналған қазақтілді контенттің дамуына үлесін қосып келеді. OrdaGen алдыңғы көштен ерекшеленіп, қордың көп бөлігін авторлық ертегіге үлестірді. Онда біз бұрын оқып көрмеген психологиялық, фантастикалық жанрлардағы ертегілер бар. Төрт ірі құндылыққа негізделген ертегілерді оқып өскен бала, енді кез келген білімді тез сіңіріп ала алады.

Фото: Bugin.kz

Осы орайда экожүйенің екінші баспалдағы басталады. Ол – Daryn.Online республикалық білім беру платформасы. Daryn.Online қазақстандық оқушыларға уақыт пен қашықтық теңсіздігіне қарамай білім алуға мүмкіндік береді. Жоба мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету. Бүгінге дейін платформаға 3,6 млн оқушы мен 350 000 жуық мұғалім тіркелген. Платформа базасында БҒМ стандартына сай жаңартылған бағдарлама бойынша 1-11 сынып оқушыларына 24 000 астам видеосабақтар түсіріліп, 250 000 тест тапсырмалары дайындалған. Мектеп түлектері білікті методистер дайындаған ҰБТ байқау сынағын 1 200 000 мәрте тапсырған. Республика бойынша платформамен 2000 нан астам мектеп жұмыс жасаған.

Платформада оқушы мен ұстазға қосымша қолдау көрсететін бірқатар жобалар іске қосылды. Мысалы, Daryn Teacher қысқа уақыттың ішінде оқушының белгілі бір тақырыпты үйренуіне немесе үй жұмысын түсініп орындауына күш жұмсайды. Бұл өз кезегінде платформада білім беруші ұстазға қосымша табыс әкеледі. Қазақстанның барлық ұстаздарына тіркеліп, табысын арттыруына мүмкіндік бар.

Экожүйенің келесі баспалдағы – Daryn Tandau. Аты айтып тұрғандай, бұл жоба мектеп бітіруші түлектерге немесе мамандандырылған мектептерге түсуге үміткер оқушыға дұрыс таңдау жасауға көмек береді. Бұл жобаны бір жағынан «виртуалды көрме» деп атауға да болады. Себебі таңдау жасау үшін «қабылдау бөлімін» шарлап қажет емес. Виртуалды көрмеде тек отандық оқу орындарын ғана емес шетелдік оқу орындарын да таңдауға болады.

Bugin.kz ақпараттық және танымдық бағыттағы медиаплатформа. Платформа онлайн медиа сервистер саласын көтеру және өз бағыты бойынша сапалы контент ұсыну ісін жүргізеді. Ал, Educenter – бұл онлайн курсын жасағысы келетін репетитор, блогер, инфобизнесмендерге арналған платформа. Платформа әр эксперт үшін жеке жасалады.

Фото: Bugin.kz

EPG Education міндеті — сапалы және қолжетімді мектептер құру. Қазақстан нарығында білім беру платформалары арасынан көш бастап тұрған  Daryn.Online жобасына инвестиция құю бізге оқытудың оңтайлы онлайн және офлайн форматын жасауға көмектеседі. Бұл Қазақстан бойынша миллиондаған оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік, — деді EPG Education директоры Досым Бесбай.

Bugin Holding өнімдері, соның ішінде Daryn.Online мектеп оқушылары үшін географиялық шектеулерді жоя отырып, өңірлерде сапалы білім беру үшін үлкен маңызға ие жоба. Мысалы, ауыл оқушылары ірі қалалардағы мұғалімдерден қашықта отырып-ақ қосымша білім ала алады. Негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан білім беру жүйесіне не қажет екенін білемін әрі білім саласындағы мәселелерге бей-жай қарай алмаймын. Bugin Holding-тің негізін қалаушы жігіттер де отандық білім беру ісін жаңа деңгейге көтеру үшін оқытудың инновациялық стандарттарын ұсынып отыр. Сондай-ақ бізге шетелдік нарықтарға шығу үшін отандық жас IT компанияны қолдау маңызды, — деді Балтабек Мұқашев.

Bugin Holding ұжымының алға қойған мақсаттары мен жоспарлары барша қазақ жастарын жігерлендіреді десек артық айтпаған болар едік. Тартылған инвестиция холдинг жобаларын Қазақстан нарығында  дамытуға, сондай-ақ LMS жаңа өнімі (мектеп процестерін автоматтандыру) мен ТМД-дағы алғашқы гибридтік мектепті құруға жұмсалады. Сонымен қатар Daryn.Online мен EduCenter жобаларын Өзбекстан нарығына шығаруға қаражат салынады. Одан кейін Орта Азия мен Иран нарығына шығу жоспарлануда. Осылайша отандық стартап жоба әлемге әйгілі брендке айналмақ.