Мұрат Өнал Қазақстан азаматтығын ала алмағандықтан Голландияға қайтқан

28 жастағы голландиялық қазақ Мұрат Өнал 2014-2015 жылдары Қазақстанның футболдан бірінші лигасында шымкенттік «Қыран» командасында ойнап, үздік нәтижемен көзге түскен. Ол алғашқы футбол маусымындағы 26 матчында 14 гол соқса, екінші маусымда 20 матч өткізіп және 14 гол авторы атанған. Жергілікті спорт басылымдарында Мұрат туралы «Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға шақырылуы мүмкін» деген хабар тарай бастаған. Бірақ футболшы үшінші маусымға қалмай Голландияға кетіп қалды.

“Қазақстанда екі жыл жүрдім. Бірақ азаматтық алу мүмкін болмады. Ал легионер ретінде ойнағым келмеді. Сосын еліме қайтып оралдым”, – деді.

«АРМАНЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА ЕНУ БОЛАТЫН»

Мұраттың футболшы болу талабын кішкентай кезінен қолдаған ағасы Тунсай Өнал ата-аналарының 28 жыл бұрын Стамбулдан Амстердамға қоныс аударғандарын айтады.
« Мұрат бес жасында Амстердамдағы «Веспуччи» әуесқой командасының футбол клубына қабылданды. 17 жасында жастар арасында үздік шабуылшы болды. Кейін басқа да клубтарда ойнады. Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанға бар» деп жібердік. Қазақстанда екі жыл жүрді, Қазақстан паспортын ала алмады. Оның арманы Қазақстан ұлттық құрамасына ену болатын. Бірақ ол арманы орындалмады. Сосын амалсыз қайта оралды. Қазір Голландияның Топклассе дивизионындағы ең мықты командалардың бірі «Лиссеге» ауысты», – деді ренішті үнмен.

Мұрат ойнаған шымкенттік «Қыран» футбол командасының директоры Талғат Пошимов «оның командада лидерлік деңгейде болғанын, биыл да ойнайды деп үміттенгендерін айтады.
«Ол соңғы кетерінде «келмеймін» деген жоқ, «көремін» деген болатын. Бірақ кеше (10 қаңтар – ред.) Голландияның бір командасынан бізге қатынас қағазы келіпті. «Бізге [Мұрат Өналды алуға] рұқсат беріңдер» деп. Ол ойыншы ретінде жақсы. Орталық қорғаушы ретінде де, кейде шабуылшы ретінде де ойнай береді. 2015 жылы 14 гол соқты», – деді «Қыран» футбол командасының директоры.

Талғат Пошимовтың сөзінше, «ата-анасы Голландияда тұрғандықтан Мұраттың өзі Қазақстан азаматтығын алуға қатысты екіойлы болған».
« Басында екі елдің азаматтығын да қатар алмақшы болды. Бірақ бізде мүмкін емес қой (Қазақстанда қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған – ред.). Кейін өзі Қазақстан азаматтығын алуға аса құлшыныс байқатпады», – деді Пошимов.

«ЖҰМЫСТАРЫ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ»

Қазақстанның кейбір спорттық ақпарат құралдары Мұрат Өналдың бұған дейін «бір мәрте ұлттық құрамаға шақырту алғаны» туралы жазған. Алайда Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Дина Ысқақова мұны жоққа шығарды.

«Мұрат Өналдың азаматтығы жоқ. Ал оның ұлты қазақ болғанымен шетел азаматы болғандықтан құрамаға шақыра алмаймыз. Өткен жылы «Ала доп» сайты «Мұрат Өналдың ұлттық құрамада ойнауға мүмкіндігі бар ма» деп хат жазған болатын. Біз өз тарапымыздан Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат бөліміне шығып, Мұраттың азаматтық алу мәселесінің болатын-болмайтынын сұрағанбыз. Олар «жұмыс жасап жатырмыз» деп жауап берген. Бірақ сол жұмыстары жауапсыз қалды», – деді Дина Ысқақова.

Мұрат Өнал Қазақстанға келген тұста қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген.

Бірақ сырттан келген 13 шетелдік футболшыға 2014 жылы аз ғана уақыт ішінде Қазақстан азаматтығы берілген еді. Олардың ішінде Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстан мен Македониядан шыққан футболшылар болған. Азаттықтың оларға жылдам азаматтық беру себебі туралы сұрағына әділет министрлігі бұл процедураның заңды түрде жүзеге асқанын мәлімдеген. Министрліктің хабарлауынша, мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстан азаматтарының Қазақстан азаматтығын алу тәртібі оңайлатылған. Бұрынғы СССР аумағында тұрған және постсоветтік елдердің бірінде дүниеге келген адам Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіп бойынша жылдам алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Президент интернеттегі авторлық құқықты сақтау туралы заңды ратификациялады

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД шеңберінде интернеттегі авторлық құқықты қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды.

Алматы прокуратурасы тұрғындарға үндеу жасады

Алматы прокуратурасы митиң өткізу туралы жалған хабарламаларға қатысты тұрғындарға ескерту жасады. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы жазушылар одағының төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Мәдениет саласының қызметкерлері қосымша төлем алады

Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алады.

Димаш Құдайбергеннің бейнебаяны Таймс-скверде көрсетілді

3 маусымда Таймс-скверде Димаш Құдайбергеннің Omir жаңа музыкалық бейнебаяны көрсетілді. Бұл туралы dimashnews.com сайты хабарлады.

Ұлттық банк доллар мен рубльдің бүгінгі бағамын белгіледі

Ұлттық банк доллар мен рубльдің 1 маусымға арналған бағамын белгіледі.