Басты бетЖаңалықтар"АрселорМиттал Теміртаудағы"...

«АрселорМиттал Теміртаудағы» апат бойынша комиссия қорытындысы шықты

Сараптамалық ұйымдар апатқа себеп болуы мүмкін ақаулар мен зақымдануларды анықтады. Сонымен қатар тапсырыс беруші «Құрылысмет» пен мердігер «АрселорМиттал Теміртау» құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені белгілі болды. Жобалау құжаттамасы бекітілмеген. Өндіріс жобасы мен пешті бөлшектеудің технологиялық картасы сараптамалық комиссиялардың қарауына ұсынылмаған. Арнайы тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмыс берушінің жүз пайыз кінәсін анықтады, — деді мемлекеттік комиссия төрағасы, Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ирина Любарская өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Тергеу комиссиясына жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақтың, жұмыс берушінің өкілдері және сараптама ұйымдары кірді. Комиссия екі аптаға жуық уақыт ішінде оқиға орнын тексерді, техникалық және нормативтік құжаттарды зерттеді, қатысы бар адамдармен, куәгерлермен сұхбаттасты.

Анықталғандай, жұмысшылар жеткілікті дәрежеде білікті, яғни 5 және 6-разрядтары болған. Бірақ, олар үш күн қатарынан ауысымсыз демонтаж жасаған. Қайғылы оқиға жөндеу жұмысының аяқталуына 25% қалғанда, яғни соңғы күні болған.

Тергеу барысында 32 адам сұрауға алынды. 14 күдікті анықталды, оның ішінде басшылық құрам да бар. Материалдардың көшірмелері аумақтық полиция органына жіберіледі.

Еске салайық, 10 маусымда «АрселорМиттал Теміртау» цехында төрт жұмысшы қаза тапқан болатын. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.