Жамбыл облысында нөсер салдарынан өзен тасып, сел жүрді

Ақпаратқа сәйкес, 23 маусым сағат 20:00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан Ырғайты өзенінің бойымен сел тасқыны өтті. Салдарынан ауыл жолдарын су басты. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы келген залал мөлшерін анықтап жатыр, — делінген хабарламада.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер және 2 техника барған.

Еске салайық, кеше қатты жауын салдарынан Алматы облысының Кеген ауданындағы Түменбай ауылында бірнеше үйдің ауласын су басты.