Тоқаев Назарбаевтың Қазақстанды құру ісіне сіңірген еңбегі туралы айтты

Тоқаевтың сөзінше, қазақ халқы, саяси тұлғалардың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауы қажет.

Біз, әсіресе, қазіргі уақытта қоғамда орын алып жатқан қызу пікірталастар кезінде саяси әділдік мәселесі туралы ұмытпауымыз қажет. Өз елінің дамуына лайықты үлес қосқан қоғамдық-саяси көшбасшыларын, ғылым және мәдениет қайраткерлерін қадір тұтпайтын халықтың келешегі де бұлыңғыр болмақ. Біз, қазақ халқы, саяси тұлғалардың еңбегіне құрметпен, парасаттылықпен қарауымыз қажет.

Мемлекет басшысы бұл Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына да қатысты ақиқат екенін айтты.

Оның тәуелсіз елімізді құру ісіне сіңірген еңбегін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады. Сондықтан тұңғыш президенттің тарихи роліне құрметпен қарау – бәрімізге ортақ міндет. Оның саяси мұрасына келешек ұрпақ әділетті бағасын бермек. Ал қазіргі ұрпақ өкілдері еліміз үшін табанды жұмыс істеуі керек. Біз бәріміз халық ретінде, ең алдымен, еңбекқор болуымыз қажет. Саяси ойындарға тосқауыл қойған жөн. Біз өткенге жалтақтамай, жарқын болашағымызға зор сеніммен қадам басуымыз керек. Көп сөздің қажеті жоқ, нақты іске көшуге тиіспіз. Басты міндет – осы, — деді президент.