Бикен әженің Науалы ауылында тұрғанына 60 жылдан асты. Ол күн сайын таңғы бесте оянып, шаруасына кіріседі. Бұл әдет осы ауылға келін болып түскен күнінен қалыптасқан.

Ауылда күн ұясынан шыққанда мал өріске айдалады. Сондықтан үйінде мал ұстайтын тұрғындар таңмен таласып тұрып, сиырын сауып, кейін оны табынға қосып үлгеруі керек.

Бикен әженің үйінде екі сиыр, жиырма шақты қой бар. Ол екі сиырды 15-20 минутта сауады.

Бикен әже, сиыр сауу, ауыл
Фото: Baribar.kz
сиырлар, ауыл
Фото: Baribar.kz

Жас кезде колхоздың отар-отар қойын бақтық, табын-табын сиыр саудық. Қолым әбден үйренген. Өмір бойы шаруа істеген адам зейнетке шықса да, қарап отыра алмайды екен, — дейді Бикен әже.

Бикен әженің қолында ұлы мен келіні, екі немересі бар. Ұлы да сиырды табынға қосу үшін ертерек тұрады. Ал келіні мен немерелерін ерте оятпай, бар шаруаны сыртта істеуге тырысады.

Сиырлар өріске кеткен соң Бикен әже сүт тартуға кіріседі. Қазір сеператордың тоқпен істейтін түрлері бар, бірақ Бикен әже әлі күнге дейін қолмен тартатын сеператорды қолданады.

Бикен әже, сүт тарту, сеператор
Фото: Baribar.kz

Немерелерім жаңа тартылған кілегей мен нанды жақсы көреді. Күн сайын олар ұйқыдан тұрғанша сүт тартып, нан пісіріп қоямын. Дүкеннің наны жөке (губка) сияқты, жеген адамның қарны тоймайды. Сондықтан нанды үйде пісіреміз, — дейді әже.

Бикен әженің үш ұл, үш қызынан сегіз жиен-немересі және бір шөбересі бар. Балалары да, немерелері де сүт ішпейді, май жемейді екен, тек қаймақ пен құртты жақсы көреді. Етті де өте аз жейді екен.

Жыл сайын соғымға үш қой соямыз, бірақ келін де, балалар да ет жемейді. Ұлым да аз-аздан шұқылап қояды, — дейді ол.

Бикен әже балаларды кішкентайынан еңбекке баулу керек дейді. Қолында екі немересі тұрады. Бірі биыл мектеп бітірді, екіншісі 9-класқа көшті. Екеуі де үй шаруасына көмектеседі. Кешкісін әжесі сиыр сауғанда жарық жағып, шыбын-шіркейден, сонадан қорғап тұрады.

Бикен әже, сиыр сауу, ауыл
Фото: Baribar.kz

Қыз бала деген жақсы ғой. Жаныңда жүріп, қолғабыс етеді. Сиыр сауып жатқанда демеу болып, «әй, тыныш тұр, әжемді теппе» деп дауыстап тұрғанының өзі жаныма медеу, — дейді Бикен әже.

Сиырлар өрістен кешкі сегізде келеді. Күніне екі мезгіл сауғанда екі шелек сүт жиналады. Шайға қатып ішетін сүтті ғана алып қалып, қалғанын тартып, кілегейі айырылған сүттен құрт жасайды.

құрт жаю, ауыл
Фото: Baribar.kz
құрт жаю, ауыл
Фото: Baribar.kz
құрт, ауыл
Фото: Baribar.kz

Бикен әже ауыл маңында жайылым азайып бара жатқанына қапаланып отыр. Жыл сайын жаңбыр аз жауады, соның кесірінен қуаңшылық болады екен.

Жайылым да, егін де аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр. Кейде мал аш келеді. Ондайда сүт те құнарлы болмайды, бірақ бала-шағаны асырауға жетеді, — дейді ол.

Бикен әженің тағы бір шаруасы — май шайқау. Артылған кілегейден сарымай жасайды, бірақ бала-шағасы қолдың майын жемейді. Сол себепті  аудан орталығындағы жексенбілік базарға апарып сатады. Базарға маймен қоса, сүт, кілегей, құрт, ірімшік пен айран да апарады.

Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz
сүт тарту, сеператор
Фото: Baribar.kz

Базарда жас келіншектермен жарысып сауда жасаймын. Қазіргі жастарға ризамын. Мені сыйлайды. Саудамның тез жүруіне көмектеседі. «Бірінші әженің әкелгенін сатайық, ыстық күнде көп отырмай, үйіне қайтсын» деп зыр жүгіріп, көмектеседі. Орысша сөйлейтіндер келсе, бағасын айтып, саудамды жүргізуге көмектеседі, — дейді кәсіпкер әже.

Бикен әже орысша білмейді, бірақ келіні орыстілді. 20 жыл бойы бір шаңырақ астында ишарат пен ыммен түсінісіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Келінімнің есімі Гүлнар, ұлты қазақ, бірақ мектепте орысша оқыған. Көкөзек (бұрынғы Ириновка) дейтін көрші ауылдың қызы. Бұл ауылда қазақ аз, орыстанып кеткен.  Келінім Аудан орталығындағы ресторанда жұмыс істейді. Үйде көбіне шөп-шалаңнан салат жасайды, тәтті жейді, — дейді Бикен әже.

Бикен әже, сүт тарту, сеператор
Фото: Baribar.kz

Бикен әженің енесі өте қатал кісі болыпты. 25 жасынан бастап енесінің қолында абысынымен бірге өмір сүріпті.

Кейде төркінімде бірнеше күн қонып, үйіне келгенде енем айқайға басатын. Қазір өзіміз де біреуге ене боп отырмыз ғой. Артық сөйлемеймін. Келінім қазақша түсінбейді, өзім орысша түсінбеймін. Дауысымды көтеріп сөйлесем, қабағымды шытсам, ренжіп қала ма деп уайымдаймын. Шай ішіп отырғанда көрген-білгенімді, өткен-кеткенді айтып отырамын. Түсінсе де, түсінбесе де, шайын құйып, жымиып тыңдап отыра береді, — дейді ол.

Бикен әже немерелерін қазақ мектебіне беріпті. Кейде әже мен келін арасында немерелері аудармашы болады.

Бикен әже өз енесіне қатысты тағы бір оқиғаны есіне алды. Құжат бойынша өз есімі Бишан екен. Тұрмысқа шыққан соң енесі есімін ұнатпай, «бүгіннен бастап Бишан емес, Бикен боласың» депті.

Тұрмысқа шыққан соң өмірім түбегейлі өзгерді. Бәрі жаңа. Үй де, тіпті атым мен фамилиям да өзгерді. Бір күнде Бикен Нұрғалиева боп шыға келдім. Төркінім әлі Бишан деп атайды, — дейді әже.

Биыл Бикен әженің күйеуінің қайтыс болғанына 20 жыл болыпты. Әжеден өміріндегі ең бақытты кезеңді сұрағанымызда күйеуімен тауда мал баққан және Қытайдан Қазақстанға оралған сәтін айтты.

Күйеуім өте жақсы кісі еді, есімі Тазабек болатын. Үйленген күннен бастап күйеуім екеуіміз колхоздың малын бақтық. Малды тауға апарып, таза ауада, табиғат аясында жүретінбіз. Сол кезде күйеуімнің жанында өзімді еркін, бақытты сезінетінмін. Кейін бала-шағамыз көбейіп, тауға оларды да ертіп шығатын болдық, — дейді ол.

Бикен әженің отбасы 1932 жылдары Қытайға көшкен, өзі 1938 жылы сонда туған. 1955 жылы Қазақстанға оралған.

Қытайда нағашыларымның қолында болдым, солармен бірге елге көштім. Әкемнің туған қарындасы кезінде жұрт үдере көшкенде тұрмысқа шығып, Қазақстанда қалып қойыпты. Әкем үнемі «қазақ жерінде Сақыш қарындасым қалып кетті» деп уайымдап отыратын, — деп Бикен әже әпкесін қалай іздеп тапқанын айтып берді.

Қытайдан келген көш алғашында Жетісу жеріндегі Үшаралға орналасыпты. Бикен әже әкесінің аманатымен ақсақалдардан сұрастырып жүріп, Сақыш әпкесінің Елтай деген ауылға тұрмысқа шыққанын біледі. Іздеп барып, туысымен қауышады, сөйтіп сол үйде қалады.

Оқуым болмаған соң әпкеме сендім де, жанында жүрдім. Колхозда жұмыс істедім. Маған бәрі жақсы қарады. Сол үйде бойжеттім, тұрмысқа берді. Әпкемнің үйіндегі тоғыз жыл ең бір уайымсыз, бақытты кезім болған екен, — деп еске алды.

Бикен әже, сүт тарту, сеператор
Фото: Baribar.kz

Бикен әжеден Қытайдағы тұрмысы туралы да сұрадық. Ата-анасы Қытайдағы Бұратала деген жерге қоныстанған, бұл — Жым, Шиеқу дейтін қазақ ауылдарына көрші ауыл. Сол аймақты тек қазақтар мекендеген, бірақ оның ауылынан Қазақстанға жету ұзақ әрі қиын болған.

Бикен әженің айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанға келіп жатқан қандастар елге әлдеқайда жақын Шәуешек, Үрімжіден келеді.

Бұраталада қазақша сөйлеп, қазақша оқыдық. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен хат таныдық. Оны арабша, төте жазу деп атайтынбыз. Ол кезде қазақ балаларына арналған мектеп болмады. Ауылда біреудің қорасына жиналып, астымызға қарағай, кірпіштің үстіне қағаз қойып, сабақ оқитынбыз. Тұрар деген мұғалім дәріс берді. 2-3 жыл ғана білім алдым. Одан кейін еш жерде оқыған жоқпын, — дейді Бикен әже.

Ата-анасы туған жерін сағынғанда «Қазақтың жері керемет еді, қазір орыстың жері болып кетті, сол үшін көшіп кеттік қой» деп отырады екен. Қытайда да тұрмыс оғай . Ешқандай мал, ақша жоқ. Егін егіп, соны күтіп-баптап, жемісін жеп күн көрген.

Қазақстанға оралғанда да жағдай қиын болған. Күндіз-түні колхоздың жұмысын істеп, аз да болса, еңбекақы алады. Қарапайым халықта басқа жұмыс пен табыс көзі болмаған.

Ата-анам ашаршылық жылдарын аңыз қып айтып отыратын. Кейінгі жылдары да оңай болмады. Бірнеше соғыс болды, адамдар көп өлді. Жетім-жесірлер көбейді. Тәуелсіздік алған кез әлі есімде. Ауылда үлкен той болды. Мал сойып, ағайындар, ауылдастар боп жиналып, ұзақ тойладық. Жай ғана «егемен», «тәуелсіз» деген сөздің өзі қуаныш ұялатты. Осы жасыма келгенде өмірде бәрі өткінші екенін түсіндім. Адам баласы басына түссе, бәріне көніп, шыдайды екен. XXI ғасырда жағдай жақсарды ғой. Осы күнді көргеніме бақыттымын, — дейді 84 жастағы әже.

Бикен әженің арманы — жүз жасап, бала-шағасының ортасында жүру.

Адамның жаны тәтті ғой. Өлім жақындаған сайын өмір сүруге ынтыға түсесің. Негізі көп ауырмаймын. Кейде басым айналып, құсатыным бар. Жазылып кеткен соң шаруамды істеп, күнделікті күйбеңмен жүре беремін. Балаларым «қала көрсін», «қызық көрсін» деп шақыра береді. Ал өзіме осы өмірім ұнайды, балаларымның көргеніне, өскеніне қарап та, бақытты болып отырамын, — дейді әже.

Бикен әженің балаларына айтар өсиеті — қазіргі бақытты кезеңнің қадірін білу. Өзі бірнеше тарихи кезеңді, жоқшылықты да, тоқшылықты да көрді, кейінгі ұрпақтың бейбіт елде өмір сүре бергенін қалайды.

Бикен әже, сиыр сауу, ауыл
Фото: Baribar.kz

Ол сонымен бірге балаларының жақсы білім алғанын қалайды. Қол еңбегімен айналысқан адам физикалық тұрғыдан мықты болады, бірақ өзі қазір ой еңбегі маңызды деп есептейді.

Қазір ақшаң болса, бәрі бар. Қазіргі жастардың көзі ашық, пысық. Қолынан келмейтіні жоқ. Бірнеше мамандықты меңгеріп, бірнеше жерде жұмыс істейді. Өзімнің балаларым мен немерелеріме, олардың қатарластарына қарап осындай ой түйдім, — дейді әже.