Президент: Ашаршылық жылдарында талай қандасымыз Иран жерін паналаған

Қазақстан мен Иран президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Иран Ислам Республикасына ресми сапармен келуге шақырған президент Ибрахим Раиси мен дәстүрлі қонақжайлығын көрсетіп жатқан иран халқына шынайы ризашылығын білдірді.

Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сонымен бірге Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы  тағдырлас елдер екенін атап өткен. Қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білген. Шығыс мәдениетіне терең бойлаған. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуіміз керек. Біз – Каспий жағасындағы тату көршілерміз. Тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Ашаршылық жылдарында талай қандасымыз Иран жерін паналаған. Оларды құшақ жая қарсы алған иран жұртына алғысымыз шексіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қарым-қатынасымыздың стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанына тоқталып, президент Ибрахим Раисидің өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

Мен екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалаймын. Ең бастысы, біз әрқашан бір-бірімізге тілеулеспіз. Қазақстан мен Иранның дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл 30 жыл толды. Осы уақытта ынтымағымыз нығайып, достығымыз артты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жандана түсті. Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Біз бүгін ауқымды келіссөз жүргіздік. Маңызды мәселелерді талқыладық, – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті елдеріміздің көлік-транзит әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі екенін атап өтіп, Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды роль атқаратынын айтты.

Бір апта бұрын Қазақстаннан шыққан жүк пойызын бүгін осында қарсы алдық. Енді ол Түркияға бет алады. Күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл  айрықша маңызды. Біз транзит, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласы бойынша келіссөз жүргіздік. Бұл қазақ-иран байланыстарын одан ары жандандыруға ықпал етеді. Қол жеткізген уағдаластықтар ықпалдастығымызды нығайта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, талқыланған барлық мәселе бойынша өзара түсіністік бар. Сонымен қатар біздің көзқарасымыздың бір, мүддеміздің ортақ екенін айтты. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты. Қазақстан мен Иран өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты екіжақты қарым-қатынастың басым бағытының бірі ретінде бағалады. Алайда, геосаяси ахуал және экономикалық шектеулер әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отырғанына тоқталды.

Дегенмен, өзара алыс-беріс биылғы бірінші тоқсанда 50% артты. Ендігі мақсат – тауар айналымының қарқынын еселей түсу. Оған қолайлы жағдай жасау керек. Иран компаниялары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олар өнімдерін шет мемлекеттерге де шығарып жүр. Бірлескен үкіметаралық комиссия екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізері анық. Біз бірлескен сауда палаталарын құруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Иран елінің азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим енгізді, – деді президент.

Келіссөздер кезінде мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға баса мән берілгені, бүгінгі уағдаластықтар соның айқын көрінісі екені айтылды.

Менің бүгінгі сапарым екі ел арасындағы қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан барлық міндеттемесін толық орындап, маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын. Осы орайда, біздің елде жоғары деңгейдегі кездесу өткізу қажет деп санаймын. Сондықтан Ибрахим Раиси мырзаны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым. Біз бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, табысқа бірге жетеміз деп сенемін. Екі елдің достығы мәңгі болсын! – деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының президенті дипломатиялық достық орнағанына 30 жыл болғанымен, екі ел мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырғанын жеткізді.

Қазақстан президентінің бүгінгі ресми сапары аясында жүргізілген келіссөздер мен қол қойылған құжаттар екі ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенемін. Біз өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізуіміз керек. Біздің оған әлеуетіміз жетеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит және мұнай салаларындағы мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің нәтижесі елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастықтың берік іргетасы болып қаланатынына сенімдімін, – деді Ибрахим Раиси.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз