Тоқаев: Қазақстан «ДХР» мен «ЛХР»-ді мойындамайды

Петербург халықаралық экономикалық форумында журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясына» қатысты пікірін сұрады.

Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады… Халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 немесе 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз, — деп жауап берді Тоқаев.

Ақпанның ортасында Кремль Украинаның Донбасстағы ресейлік сепаратистердің бақылауындағы «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасының» тәуелсіздігін таныған.

Осыдан соң 24 ақпанда Кремль Украинаны «денацификация» және «денационализация жасаймыз» деп Украинаға басып кірген. Кремль басында Киевті алмақ болғанымен, сәтсіздікке ұшырады. Кейін Мәскеу Украинадағы әскери күшін Донбассқа бұрып, қазір осы аймақты толық алуға тырысып жатыр.

Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеу басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Ресми Нұр-Сұлтан Ресей Украинаға басып кірген соң екі тарапты келіссөздерге шақырып, қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырып келген.

Қазақстан БҰҰ-да Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде талаптар жазылған резолюцияға дауыс беру кезінде екі рет қалыс қалған. Ал Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығару туралы дауыс беруде Қазақстан қарсы болған (94 ел қолдап, 24 ел қарсы шыққан).

ДереккөзAzattyq.org